Қазақта қазантепті деген ұғым бар…
Қазақ Қазанды кие тұтады. Қазанның бетін ашып қоймайды. Ағаш қақпақпен жауып қоятын болған. Қымтаңқырап жабады. Ит иіскеп кетпесін дейді ғой баяғы. Зәуіде ит иіскей қойса «қатірен, қатірен, қатірен…» деп үш рет айтып, таза сумен үш шайқап төгіп тазалар еді аяулы Анам. Көзбен көрген кеп еске түсіп жатқаны… Қақпағы болмаса төңкеріп қояды. Көбіне төңкере бермейді. Өйткені, қазаны төңкерілгені жаугершілік замандарда болған. Жаугершілікте не қазанды төңкеріп кетеді, не қазанды шағып (жарып, сындырып) кетеді. Аңыз, әпсаналарда бір ауылдан бір баланы жаугершілік кезінде ҚАЗАНның астына тығып, аман алып қалушылық (төңкеріп қоюшылық) кездеседі. Шамасы қазан төңкерілулі жатса оған тиіспейтін болған шығар.
Қазан жайма, шүңет болып екіге бөлінеді. Жайма қазан – жайылып тұрады. Оның үлкені, кішісі болады. Бірін жәй қазан десе, енді бірін ТАЙҚАЗАН атап жатады. Отырардың күйреуін «Төкерілген тайқазан» тұспал ескерткіші бейнесінде жасаған мүсінші Атанбек Нәлібаев…ТАЙҚАЗАННЫҢ көкесі – Түркістандағы киелі қазан. Оның ішіне бес-алты жылқы еті түп-түгел сиып кетер болса керек. Эрмитажға алып кетіп, Өзбекәлі Жәнібектің тәуелсіздіктің ала көбең уақытында қайрат жұмсауымен (директор Дмитровскиймен көңілжетер дос болған. Қ.Е.) құтты орнына қайта келіп қонған ТАЙҚАЗАН. Аталмыш ТАЙҚАЗАН Түрікстан аумағында Қарнақта құйылған деседі. Қарнақта ежелден келе жатқан ұсталық дәстүр бар. Медресе дәстүрі де өз алдына…
Бұл тайқазан жайында Ділдәш Мұстафаева қарындас арнайы диссертация қорғап, кітап жазды.Өкініші Астаналық бір сомадай жазушы ұялмай-қызармай Ділдәш еңбегін көшіріп өз атынан мақала етіп шығарғаны бар. Бәндешілік. «Дукеншина.»
ШҮҢЕТ Қазан – терең болады. Оның шүңет қазан аталуы сыры да осыдан.
Оған ыңғайына қарай бір қой етінен жарты жылқы етіне дейін сиып кететін түрлері болған қазақ даласында.
Қазанды кие тұтқаны ғой, теппейді. Қазан жарылса сол үй қаралы болады деп жаман ырымға балайтыны тағы бар.
Менің арғы бабам – Бердіқожа. Ергөбектің әкесі. Бетінде шешек дағы бар қотыр кісі болған. Жұрт әулиеге түнегенше Бердіқожа қотырға түнемейсіңдер ме?-деген сөз кешеге дейін келді ел арасында. Баласының басы барырақ. Құдайдан тілеген тақуа жан болса керек. Ергөбектен (менің атам) кейінгі баласы Байгөбек Түркістан қаласында старшын болған кісі.
Кісілікті адам. Жеңгесіне (Ергөбектің әйеліне) айтыпты: Кісі ертіп келемін.Қазан көтеріп қоярсыңдар!-деп.
Бір топ аттылы кісі сау ете түседі. Намаздыгер мен ақшам арасында. Кісілер үйге кіріп, Байгөбек ошақ басына аялдайды. Қазан қайнап жатыр. Бірақ, қазан шағын көрінеді Бәйгөбек көзіне. Сонда Байгөбек жеңгесіне: «Кісі әкелем демедім бе? Неге үлкен қазанға аспадың?»-деп қазанды теуіп кеп жіберіпті. Ошақ құлап, Қазан жантайған, ішіндегі ас төгілген. Қазанның Шүңет қазан екенін аңғармапты көкдауыл Бәйгөбек. Жеңгесінің «Шүңет қазан. Асты аямай салдым»деген ескертпесі кеш болады.
Анадай жерде түзге шыққан әке (Бердіқожа ) баласының қазан тепкенін жаман ырымға жорыпты. Асқандық, тасқандық деп біліпті. Ақ киізден жасалған Жайнамазға отырып намазын оқып, қолын көкке жайып Алла тағаладан баласына қарғыс тілепті. «Ат! Ат! АТ!» Жайнамаз үстінде отырып, көзі ілініп кетіпті. (Жесір шал болуы керек). Орнынан тұрып, «Байгөбекті құдай ұрып қалды. Түсімде үстіне келіп, ақ бура шөкті…»-депті.
Жылдар өтеді. Байгөбек бала көрмейді. Туған баласы тұрмайды. Сонда келіні қатты ащынып келіп: «Ата-ай не жаздық Сізге?»-деп келіп жайнамаздың үстінде отырған Бердіқожаның ақ көйлегінің омырауын айырып жіберген екен. «Қайтейін, қарағым-ай, өтіп кетті, өтіп кетті ғой. Қайтара алмаймын ғой…»-деген екен туған перзенттен қазақтың киесін жоғары қоя білген қапалы қария… Сөйтіп, менің Байгөбек есімді бір бабам ҚАЗАН теуіп, қарғысқа ұшырап, қанша қатын алса да өмірден өспей, өнбей «қу бас» атанып өтіпті….
Бердіқожа бабамның тілегі асыл, қарғысы қатты адам болған екен дә… Бәйгөбектің соңғы кемпірі «қара кемпір» Тәтігүл алты жасында Түкібайдан жетім қалған Әмірбекті қайнысы Сәрсеннен (менің әкем) сұрап алып бауырына басқан. 13 жасқа келгенде Тұмаркүл есімді қыз әперген… Ол да бала көтермеген… Жеңгем Жұлқынды бір жылқы, алты қой қалың беріп менің әкем алып беріп еді. Малсақ әжеміз одан туған баланың атын Көпес қойып, туған немересіне балаған. 9 жасқа дейін қара кемпірдің бауырында өскен ол бала кейінгі Көпен Әмірбек… Жеңгем атын атамай «Шарабас» атап өтті өмірдені… Ол енді дербес әңгіме…
Бай болып тұрып дәулеті құлаған әулетті «қазантепті» атайтыны бар қазақтың. Киеге душар болады дә. Сыртта коронавирус. Іште отырып уайым шегемін: «Осы біз қазақ дарақыланып жүріп «қазантептіге» ұшырап кеткен жоқпыз ба деп… Өйткені мейманамыз тасып кетті ғой… Құдайды ұмыттық қой… Өзіміздің пақырымызды өзгенің асылынан артық көретін эгоизм билеп кетті ғой бізді… Өзімізді тұтас халықтан артық сүйетін болып алдық қой біз… Өз басымыздағы боқты көрмей, кісі басындағы шоқты күндейтін әдет таптық қой біз… Осы біз «қазантептіге» ұшыраған жоқпыз ба, осы?»
Құлбек ЕРГӨБЕК
Түркстан (Түркістан емес)
12.04.2020
Leave a Reply