Сальмонеллез — жұқпалы ауру

Сальмонеллез — әр түрлі клиникалық әсерлермен сипат алатын жұқпалы ауру. Аурудың қоздырғышы Salmonella enteretidis болып табылады. Ауру науқастанған адамға білінбей, ұзақ уақытқа дейін созылуы мүмкін. Ол жиі кездесетін ауру, көбінде гастроэнтероколит түрінде өтеді.

Клиникасы

Ауру кенеттен басталады-ауырған адамның дене қызуы көтеріледі, жалпы әлсіздік пайда болады, бас ауырып, дене тітіркенеді, жүрек айнып, адам лоқси бастайды, ас қорыту жолдары қатты ауырып, іш өтеді.

Инкубациялық кезең 6 сағаттан 7 тәулікке дейін созылады. Аурудың диагнозын клиникалық көрінісі бойынша немесе эпидемиологиялық анамнез (сальмонеллезді жұқтыруға себеп болуы мүмкін тағамның аты көрсетіледі) деректері бойынша қояды. Аталған диагноз науқас адам пайдаланған тағамдар мен құсықтан, үлкен дәрет массасынан, генерализденген түрінде қан мен екінші ошақ іріңінен сальмонеллезді бөліп алу арқылы дәлелденеді. Сальмонеллезді сүзек, ботулизм, өткір бактериялық және вирустық сипаттағы гастроэнтеритпен, тамақтан уланумен, өткір аппендицитпен, абдоминальдық белгідегі миокард инфарктпен қатар қоюға болады.

Ауру қоздырғышы қоршаған ортада ұзақ уақыт бойы: суда 120 күнге дейін, ет пен шұжықтарда 2-4 ай бойы, ірімшікте 1 жылға, жер қыртысында 18 айға дейін сақталады. Кейбір азық-түліктерде (жұмыртқа, сүт, ет тағамдары) олар сақталып қана қоймай, тамақтың дәмі мен түрін бұзбастан көбейеді. Оларға тұздау мен кептіру өте әлсіз әсер етеді.

Ауруды жұқтыру көздері

Әр түрлі жан-жануарлар, мүйізді ірі-қаралар мен ұсақ малдар, шошқалар мен тауықтар, үйректер мен қаздар, көгершіндер, сондай-ақ, сальмонеллездің бактериясын тасымалдаушылар мен осы дертпен науқастанғандар (көбінде дертке шалдыққан балалармен жас босанған аналар, емдеу мекемелерінің қызметкерлері) ауруды жұқтыру көздеріне жатады. Ауырғаннан кейін бактерия тасымалдау ұзақ уақытқа дейін созылуы мүмкін. Көп жағдайда адамдар бұл дертті құрамында мол мөлшерде сальмонелл бар азық-түліктерді пайдалану арқылы жұқтырып алады. Әдетте мұндай жағдай таза емес азық-түліктер (негізінен фарш және фарштан жасалған тағамдар мен еттен жасалған салаттар, пісірілген шұжықтар, т.б.) сальмонеллездің көбеюі мен көптеп жиналуына қолайлы жағдайда ұсталғанда, ең бастысы — аталған азық-түліктер (жұмыртқа, ет тағамдары, т.б.) жеткілікті мөлшерде қайнатылмаған кезде жиі орын алады.

Ал, балық пен сүт тағамдары аз ластанады. Сальмонеллез әлемнің барлық аймақтарында кездеседі. Қазіргі уақытта ол әлемнің дамыған елдеріндегі ең көп тараған дерттің бірі болып табылады. Соңғы кездері жұмыртқа тағамдарынан S.enteretidis қоздырушысының табылуына байланысты сальмонеллезбен ауырғандар санының өсуі байқалуда.

Ауруды алдын алу шаралары

Аталған аурудан сақтану үшін құстардың етінен тағам дайындау кезінде, оларды қайнатудың ережелерін мұқият сақтаған дұрыс. Құстар мен мал еті салынған ыдыс-аяқты, бөлу-шабу құралдарын(пышақ,тақтайша),үстелдің үстін сабындап жуу керек. Құс пен мал еттерін пайдаланарда әбден жақсылап қуыру қажет. Ал жұмыртқаны шикілей пайдалануға болмайды.Пайдаланар алдын жұмыртқаны мұқият тазалап жуып, кем дегенде 7-10 мин қайнатып барып пайдаланған жөн.

Л.Туртаева

Шымкент қаласы Әл-Фараби ауданы ТКҚСҚББ-ның бас маманы

Leave a Reply

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Яндекс.Метрика