«Мұғалім – мектептің жүрегі» деп бекер айтпаған. Мектеп қабырғасында жас ұрпақты білім нәрімен сусындатып, саналы тәрбие беретін ұлағатты ұстаздарымызға қойылатын талап пен артылатын жүктің салмағы ауыр. Сондықтан да өздерін дамытуға берілген мүмкіндіктен бөлек, оларға берілетін түрлі мотивациялар да аз болмауы керек. Ұстаздар арасында өткізілетін түрлі сайыстар мен конкурстарды да осы қатарға қосуға болады. Мұғалім мұндай кезде өзін дәлелдеп қана қоймайды, өзге мұғалімдердің қай деңгейде тұрғанынан хабардар болады және өзін дамыта түсу үшін құлшыныс пайда болады. Байқаулар мен конкурстардың ұйымдастырылуы педагогтарды ынталандырып, жұмыстарына шабыт сыйлап, сондай-ақ тәжірибие жинап, бәсекеге қабілеттіліктерін арттырады.
Елімізде 2020-2024 жыл аралығында «Үздік педагог» атағын беру қағидаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2015 жылғы 16 қаңтардағы №12 бұйрығына өзгерістер енгізу туралы Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2020 жылғы 23 сәуірдегі №157 бұйрығына сәйкес «Үздік педагог» атағын беру конкурсы өткізіліп келеді. Бұл – білім беру саласындағы кәсіби шеберлікті, шығармашылық қабілеттілікті және озық тәжірибені тануға, қолдануға бағытталған байқау. Ол білім беру саласындағы үздік мұғалімдерді анықтап, олардың еңбегін мойындау мақсатында өткізіледі. Конкурстың мақсаты – «Педагог мәртебесі туралы» Заңына сәйкес, педагогтердің іс-тәжірибесін насихаттау, мұғалімнің қоғамдық негізгі бейнесін қалыптастыру, қала мұғалімдерінің белсенділігін, дербестігін, креативтілігін, шығармашылық ізденісін көтеру, нәтижеге бағытталған тиімді технология мен оқыту әдістерін іздеу. Бұл конкурс білім беру жүйесінің дамуына ықпал етіп, педагогтардың кәсіби шеберлігін арттыруға бағытталған. Конкурсқа педагогтер жылдар бойы жинақтаған озық үлгідегі тәжірибелерін (авторлық бағдарламаларын, жобаларын, әдістемелік әзірлемелерін т.б.) ұсынады.
Аталған конкурсқа қатысқан педагогтердің құжаттарын «Шымкент Адалдық алаңы» жобалық кеңсесі, «Аманат» партиясы мен білім беру саласындағы үкіметтік емес ұйымдардың өкілдерінен, жоғарғы оқу орындарының оқытушыларынан, біліктілікті арттыру орталықтарының қызметкерлерінен, педагогикалық шеберлік кәсіби конкурстарының жеңімпаздарынан құрылған конкурстық комиссия Қағидаға сәйкес, берілген нысан бойынша үміткердің жұмысын бағалаудың сапалық және сандық көрсеткіштері арқылы педагогтің кәсіби құзыреттілігін, педагогтің білім беруді дамытуға қосқан үлесін, педагог қызметінің нәтижелілігін, педагогтің кәсіби шеберлігін сараптайды. Қағидаға сәйкес ұсынылған құжаттарды талдау барысында педагогтердің білім беру немесе әлеуметтік жобаларды іске асыруы, республикалық немесе халықаралық деңгейде республикалық оқу-әдістемелік кеңес бекіткен авторлық бағдарламаларды, оқу-әдістемелік кешендерді, әдістемелік материалдарды әзірлеуі және енгізуі, республикалық немесе халықаралық деңгейде тәлімгерлік және педагогтерді оқытуы, халықаралық және республика көлеміндегі жетістіктері мен кәсіби шеберліктері бағаланады.
Педагогтер «Үздік педагог» атағын беру қағидаларының ерекшеліктерімен жыл бойы білім басқармасының әдістемелік орталық қызметкерлерінің ұйымдастыруы және қолдау танытуы арқылы таныстырып отырады. Әдістемелік орталықтың «Үздік педагог» атағын беру конкурсы туралы жоспарына сәйкес жеңімпаздардың қатысуымен семинарлар өткізіледі. Атап айтар болсақ, «Үздік педагог» атағын беру қағидаларының ерекшеліктері» тақырыбында өткен семинар барысында педагог портфолиосының құрылымы мен конкурс бейнеролигіне қойылатын техникалық шарттар түсіндіріліп, сонымен қатар, конкурс жеңімпаздары халықаралық деңгейде оқыту және тәрбиелеу практикасына зерттеу жүргізу бойынша тәжірибелер және шығармашылық жұмыстарды ұйымдастыру туралы өз тәжірибелерімен бөліссе, «Педагогтің кәсіби құзыреттілігі және білім беруді дамытуға қосқан үлесі» тақырыбында тәжірибе алмасу семинары әдістемелік ұсынымдардың талапқа сай рәсімделу тәртібімен таныстыру мақсатында ұйымдастырылды. Жеңімпаздар білім беру немесе әлеуметтік жобаларды іске асыру, республикалық немесе халықаралық деңгейде республикалық оқу-әдістемелік кеңес бекіткен авторлық бағдарламаларды, оқу-әдістемелік кешендерді, әдістемелік материалдарды әзірлеу бойынша тәжірибелерін ортаға салды.
Ал «Педагог қызметінің нәтижелілігі» тақырыбында семинарда жеңімпаздар халықаралық деңгейдегі олимпиадалардағы, жарыстардағы жетістіктері, конкурстар мен жобаларға қатыстыру туралы материалдар дайындауға байланысты ұсыныстар беріп, өз жұмыстарының нәтижелері туралы баяндады. Сонымен қатар, қоғамдастыққа ықпал ету, қайырымдылық ұйымдарындағы мүшелік, басқа елдердің білім беру ұйымдарымен ынтымақтастық туралы түсіндірме жұмыстары жүргізіліп, әдістемелік көмек берілді. Аталған семинарларға директор орынбасарлары, барлық пәндер бойынша педагогтер, мектепке дейінгі ұйымдар мен техникалық және кәсіптік білім беру педагогтері қатысып, конкурс ережесімен таныстырылды.
Сонымен қатар, үздік педагогтер жыл сайын тамыз конференциясында өз шығармашылықтары туралы көрме жасап, бейне көрсетілімдер арқылы жұмыстарын көрсетеді. «Үздіктен үйрен» жобасында сабақтарын көрсетіп, тәжірибелерін таратады.
«Үздік педагог» атағын беру конкурсының қалалық ІІ кезеңі 2024 жылдың қыркүйек айында өтті. Оған меншік нысанына және ведомстволық бағыныстылығына қарамастан мектепке дейінгі, орта, техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының кемінде бес жыл үздіксіз педагогикалық өтілі бар, штаттық педагогикалық қызметкерлері қатысты. Конкурстың ІІ қалалық кезеңіне қатысу үшін Шымкент қаласының білім басқармасына қарасты білім беру ұйымдарынан өтініш білдірген 85 педагог қызметкерлері құжаттарын Министрліктің ақпараттық жүйесіне орналастырды. Үміткерлердің құжаттары берілген нысан бойынша бағалаудың сапалық және сандық көрсеткіштері арқылы педагогтің кәсіби құзыреттілігі, педагогтің білім беруді дамытуға қосқан үлесі, педагог қызметінің нәтижелілігі, педагогтің кәсіби шеберлігі сарапталды. Қағидаға сәйкес ұсынылған құжаттарды талдау барысында педагогтердің білім беру немесе әлеуметтік жобаларды іске асыру, республикалық немесе халықаралық деңгейде республикалық оқу-әдістемелік кеңес бекіткен авторлық бағдарламаларды, оқу-әдістемелік кешендерді, әдістемелік материалдарды әзірлеу және енгізу, республикалық немесе халықаралық деңгейде тәлімгерлік және педагогтерді оқыту, халықаралық және республика көлеміндегі жетістіктері мен кәсіби шеберліктер бағаланды. Ұсынылған құжаттарды бағалау нәтижесінде конкурстың қалалық ІІ кезеңінің Шымкент қаласы бойынша жеңімпаздары анықталды. Олар:
- Грязнов Юрий Петрович — М. Х. Дулати атындағы үш тілде оқытатын №8 мамандандырылған гимназияның физика пәні мұғалімі, педагог-шебер.
- Иманов Нуралы Бердиханович — №80 ІТ мектеп-лицейдің информатика пәні мұғалімі, педагог-зерттеуші, экономика ғылымдарының магистрі.
- Дмитриева Оксана Владимировна — «Саз колледжінің» арнайы пән оқытушысы, педагог-шебер.
- Галиева Майра Осеновна — №2 мамандандырылған үш тілде оқытатын мектеп-интернатының қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі, педагог-шебер.
- Шералхан Гүлмира — Т.Тәжібаев атындағы №47 мектеп-гимназияның қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі, педагог-шебер.
- Қарынбаева Жанар Рахымбайқызы. Ы.Алтынсарин атындағы №65 мектеп-гимназияның бастауыш сынып мұғалімі, педагогика ғылымдарының магистрі, педагог-шебер.
- Балтабекова Раушан Турсынбаевна — Ы. Алтынсарин атындағы №65 мектеп-гимназияның қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі, педагогика ғылымдарының магистрі, педагог-шебер.
Ал «Үздік педагог» атағын беру конкурсының республикалық кезеңі биылғы жылдың қазан айында ұйымдастырылды. Оған меншік нысанына және ведомстволық бағыныстылығына қарамастан мектепке дейінгі, орта, техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының ІІ қалалық кезеңінің 7 жеңімпазы қатысты. Шымкент қаласы бойынша республикалық кезеңнің нәтижесінде:
- Галиева Майра Осеновна — №2 мамандандырылған үш тілде оқытатын мектеп-интернатының қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі, педагог-шебер.
- Дмитриева Оксана Владимировна — «Саз колледжінің» арнайы пән оқытушысы, педагог-шебер.
- Грязнов Юрий Петрович — М.Х.Дулати атындағы үш тілде оқытатын №8 мамандандырылған гимназияның физика пәні мұғалімі, педагог-шебер.
- Шералхан Гүлмира — Т.Тәжібаев атындағы №47 мектеп-гимназияның қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі, педагог-шебер жеңімпаз атанды.
2020-2024 ж.ж. аралығында Шымкент қаласы бойынша «Үздік педагог» атағын беру конкурсының ІІ қалалық кезеңінің жеңімпаздарының жалпы саны 56-ға жетсе, республикалық кезеңнің жеңімпаздары 16 болды. Жеңімпаз атанған әр ұстаз – мектеп пен шәкірттерінің ғана емес, бүкіл қаланың, елдің мақтанышы. Бүгінгі күні біз тез өзгеретін әлемде өмір сүріп жатырмыз, көптеген жаңа технологиялар енгізілуде, білім көлемі де күн санап артып келеді. Сондықтан қазір мұғалімнің мектептегі рөлі де айтарлықтай өзгереді. Бүгінде мектепке шығармашылық идеялары бар, жаңа оқу бағдарламаларын әзірлеуге және іске асыруға қызығушылық танытатын, инновациялық педагогикалық технологияларды қолдана алатын мұғалім қажет. Себебі біліктілікті арттыру бойынша үнемі жұмыс істейтін және білім беру процесіне шығармашылықпен қарайтын мұғалім әрқашан жаңашылдыққа дайын. Қоғамда болып жатқан әлеуметтік өзгерістер педагог кадрларды кәсіби қайта даярлауды қайта қарауды және жетілдіруді талап етеді. Қазіргі уақытта сыни, шығармашылық игеру, ғылым жетістіктері мен педагогикалық тәжірибені қолдану арқылы өз қызметінің мазмұнын жаңарта алатын мұғалімге деген қажеттілік артты. Сол үшін қоғамға экономикалық және қоғамдық жаңғырту қажеттіліктеріне сәйкес келетін жаңа формациядағы мұғалім қажет. Жаңа формациядағы мұғалім деп отырғанымыз – қазіргі заманның талаптарына сай, кәсіби, шығармашыл және технологиялық тұрғыдан дамыған маман.
Ұстаздар балаларға тек білім берумен ғана шектелмей, сонымен қатар, дені сау, ақыл-ойы толысқан, ізгі ниетті, мәдениетті де әдепті, дүниетанымы жоғары тұлға ретінде кемелденуіне септігін тигізер тәрбие де бере алуы керек. Ол үшін мұғалім инновациялық ізденіспен жұмыс істеп, өзгеге өнеге боларлықтай тұлға болуы шарт.
Бұл тұста үздік педагог атану үшін не істеу керек? Ең алдымен мұғалім өз өзіне талап қоя білуі керек, сол арқылы ұстаз бен шәкірт арасында ынтымақтастық қарым-қатынас орната білуі тиіс. Сонымен қатар, мұғалім өз кәсібінің нағыз маманы болумен бірге, өзге де өзіне қажетті салаларды жақсы меңгеруі қажет. Себебі, балалар өз мұғалімін «бәрін біледі» деп ойлайды. Сол үшін де мұғалімнің біліміне ешқашан шек келтірмейді. Үздік педагог атағына лайық ұстаз бұл тек өз пәнін терең меңгеріп қана қоймай, оқытуда ерекше тәсілдер қолданып, оқушыларды білімге деген ынтасын оята алады. Мұндай педагог білім беру саласында жоғары нәтижелерге қол жеткізіп, балалардың жан-жақты дамуына үлес қосады.
Мұғалім өз үлгісі арқылы ғана оқушыны талпындыра алады. Ұстаздың балалар алдындағы беделі жоғары, бейнесі жарқын болуы тиіс. Яғни, мұғалім балалар алдында әрбір сөйлеген сөзімен, жасаған әрбір іс-қимылымен, тіпті киген киімімен, жүріс-тұрысымен оқушыларға үлгі болуы тиіс. Мұның бәрі оқушыларға өз әсерін тигізіп отыратындығы даусыз ақиқат.
Мұғалім оқытудағы заманауи озық технологияны тиімді пайдалануы, білім саласындағы соңғы жетістіктерді оқушыларға дер кезінде жеткізіп, ортақ игілікке айналдыра білуге ынталы болғаны жөн. Сонда ғана тәрбиелі де білімді ұрпақ өсіп, елімізге қызмет ететін азамат қалыптасып шығады.
Leave a Reply