ҚАЛТАРЫСТА ҚАЛҒАН ТАРИХ

Нәубеттен бері 100 жыл өтті

Бір кездері ақын Қадыр Мырза Әлі «Біздің тарих – қалың тарих, Оқулығы жұп-жұқа, бірақ тағы» деп жырлаған болатын. Осылай төл тарихымыздың тұл тарихқа айналып бара жатқанын кеңестік кезеңде астарлап айтып кеткен. Одан бері ғасыр аунап, жылдар өтті. Тәуелсіз елдің өмірінде өзіміздің төл құндылықтарымызды қайтаруға күш салып, ақтаңдақ тарихтың беттерін айқара ашып, ұмыт болған ұлы естеліктерді тірілттік. Осы тұрғыда түрлі тақырыпқа тереңдей еніп, келелі зерттеулер де жүргізілді. Әрине, бүкіл қамба тарихымыз түгелдей ашылды дей алмаймыз. Түгенделуі қажетті тұстары да жеткілікті, әлі. Мұның да байыбына барып, бағасын беретін кезең келеді. Бұл жолы — тәуелсіздік алғалы қаузаған тарихымыздың сырт қалған тұстарына тоқталғанды жөн көрдік.

Індетіп іздедік, мерзімді басылымдарды көкірек көзімен сүздік. 20 жастың биігінен үңілдік те, әлі де біздің кемшін түсіп тұрған тұстарымызды бағамдадық. Сөйттік те, кезек-кезек тізбектей жазуды жөн көрдік.

Бірінші, «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақалада айтылғандарға мән берсек: «Миллиондаған адамды қазаға ұшыратып, тірі қалғанын жан сауғалап босып кетуге мәжбүр еткен алапат ашаршылықтың алғашқы кезеңі – 1921-1922 жылдардағы нәубеттен бері 100 жыл өтті. Сол зұлматтың кесірінен қырылып қалмағанда, халқымыздың саны қазіргіден әлденеше есе көп болар еді. Тарихымыздың осы ақтаңдақ беттері әлі күнге дейін жан-жақты зерттелмей келеді. Тіпті, ғалымдардың арасында ашаршылық құрбандарының нақты саны туралы ортақ пайым жоқ. Ала-құла деректер және оның себеп-салдары жайлы әртүрлі көзқарастар қоғамды адастырады. Тиісті тарихи құжаттарды, жиналған мәліметтерді аса мұқият зерделеу керек». Бұл — мемлекет басшысының сөзі. Тарихи танымы қалыптасқан оқырман ретінде бұл сөз құптауға тұрарлық. Өйткені, сол ашаршылық туралы айтқанда зерттеушілердің қырғи-қабақ таласы туындап, оқырманды шатастыратыны рас. Зұлматты жылдардың зобалаң шақтары туралы көркем дүниелер де баршылық. Оның қатарына, Мұхтар Мағауинның шығармаларын, «Зұлмат» деректі фильмін, «Дала зары» тарихи-көркем фильмі, Момбек Әбдәкімұлының «Зобалаң» кітабын және т.б. қосуға болады. Ендігі міндетіміз – ресми деректер мен нақтылы фактілерге сүйене отырып тақырыпты, тарихты тарату.

Аттиланың атақты музейі жұмыс істеп тұр

Екінші тақырып – Еділ патша (Аттила) турасында. Ерте заманда ғұмыр кешкен Аттиланы біздің мектептегі тарих оқулығы бірсыдырғы атап өтумен ғана шектеледі. Оның Еуропа елдерін жаулап алып, билік құрғаны хақында там-тұмдап айтылады, естіп қаламыз. Оны танытатын зерттеу еңбегі немесе монографиялық шығарма былай тұрсын, көркем шығарманың да жоқтығы санымызды соқтырады.

Біздің қымызды, киіз үйімізді зерттеп, пайдаланып жүрген шетелдіктер сияқты, Аттиланы терең зерттеушілер де қазір еуропалықтар болып тұр. Бұған ағылшындық тарихшы Э.А.Томпсонның «Ғұндар. Даланың қаһарлы жауынгерлері», американ-австриялық тарихшы Отто Джон Майенхен-Гельфеннің «Ғұндар әлемі», француз тарихшы Бувье-Ажамның «Аттила», италиян ғалымы Эдвард Хаттонның «Аттила. Ғұндардың көшбасшысы» кітаптары дәлел.

Мұны ысырып қойғанда, Венгрияда Аттиланың атақты музейі жұмыс істеп тұр. Демек, Еділ патшаның қазақ тарихында зерттелмеуі Бейбарыс сұлтаннан да кейін тұрғандай. Ал, егер Аттиланың қазаққа қандай қатысы бар деп дауласа қалсақ, оның ежелгі дулат тайпасынан шыққанын біз емес, әлдеқашан шетелдік тарихшылар дәлелдеп қойған. Олар Н.Аристов, А.Попов, Е.Г.Грумм-Гржмайло, М.Н.Тихомиров, З.З.Мифтахов сынды ғалымдар. Міне, осындай қалтарыс-бұлтарыста ескерусіз қалған бірден-бір тұлға – Аттила.

Майданға қазақ даласынан 7477 қыз аттанған

Үшінші тақырып – Ұлы Отан соғысына қатысқан батыр қыздар. Бірлі-жарым Әлия мен Мәншүкті, Хиуаз Доспанованы ғана білеміз ғой. Ал, бұл соғысқа қатысқан өзге арулар қайда қалды?! Міне, осы тұрғыдан ашылмаған аралдарға қадам басып барған тұңғыш кітап жақында ғана шықты.

Дина Игсатова мен Динара Асанованың авторлығымен «Балауса» баспасынан «Женщины Казахстана на войне 1941-1945» деген атпен жарық көрді. Бұл кітапта авторлардың індетіп іздегені көрініп-ақ тұр. Мәселен, майданға қазақ даласынан 7477 қыздың аттанғаны, оның ішінде 41 пайызы дәрігерлер, 43,5 пайызы хирургтер болған екен. Бірақ, бір ғана кітап бүкіл Ұлы Отан соғысына қатысушы қыздардың ғұмыр жолын, тағдырын танытады дей алмаймыз. Бұл да – тарихшылардың тісі батпай жүрген бірден-бір тақырып.

«Бесплатная войнаның» бір жауынгерімін ғой… »

Төртінші – Ауған соғысына қатысушы қазақ қыздары. Кешегі ХХ ғасырға дейін жаумен алысқан, елін қорғаған, ерлеріне серік болған арулар жеткілікті. Сондай аналардың ізі жалғасып, батыр да батыл қыздар 80-жылдары Ауғанстанға да аттанған екен.

Мұны табу да, зерттеу де оңай емес. Бұл тақырыптағы алғашқы кітапты журналист Шоқан Сыздықұлы Шөжеев жазды. «Война глазами женщин» атты кітаптың жазылу турасында былай дейді: «Офицерлер үйінде өтетін жиналысқа асығып келе жатқан бетім еді. Ауған соғысы ардагерлеріне арналған ескерткіш алдында қолында гүлі бар, жылап тұрған бір әйелге көзім түсіп кілт тоқтадым. Жайлап жанына келіп өзімше бір минут үнсіздік жариялап, қалшиып қаттым да қалдым. Әйел кісі қолындағы гүлін тас мүсінге қойды да маған назар аудармастан кете барды. Баласы, я болмаса күйеуі ауғанда қайтыс болған жан болар деген оймен артынан қуып жетіп, әңгімеге тарттым.

— Апай, отбасыңыздан бір адамның ауғанға қатысы бар ма еді?.

— Шырағым, мен өзім сол «бесплатная войнаның» бір жауынгерімін ғой. «Бесплатная война» деген сөзі мірдің оғындай болды. Жақын жердегі кафеге барып ұзақ сырластық. Сол күннен бастап «бесплатная войнаның» жауынгерлерін іздестіруге кірістім. Арысы Мәскеуге, берісі Термезге хат жолдап, сұрау сала бастадым. Еңбегім еш кетпеді, ауған соғысына қатысқан 47 қазақ қыздарының құжаттарына қол жеткіздім. Содан, Қазақстанның әр түкпірінде алаңсыз күн кешіп, бейғам өмір сүріп жатқан айбынды аруларды іздей бастадым. Тарихтың тасасында қалған жауынгер қыздардың өмір жолынан тамаша бір дүние пайда болды. Енді ешкім кедергі жасамаса жуық арада мына кітабым жарыққа шығады. Бұл — менің қазақ қыздарына деген құрметімнің белгісі». Демек, автор күтпеген жерден осындай кейіпкерді кездестіре қалып, соны зерттеуге кіріскен. Біздің беймәлім тарихтың бір көрінісі осы.

Қиянда қалған…

Бесінші – өзіміздің газеттің биылғы жылы қаңтардың 15-дегі №1 (516) нөмірдегі «Қазақ қызы» кім немесе қиянда қалған тұлғалар» атты мақала. Көркем әдебиетке негіз болып, журналист, жазушы Күлия Айдарбекованың жазған «Қазақ қызы» атты кітабы бар. Бұл – қажылық сапарда мұсылмандардың үшінші қасиетті қаласы Құдысқа (Иерусалимге) барғанда көрген кесенесі. Яғни, бұл ескерткішті таныстырушы адам «Қазақ қызының» кесенесі деп таныстырады. Бірақ, бұл туралы нақтылы мәліметтен гөрі бұлыңғыр дүниелер көптігі байқалады. Сейдалы Дүйсебайұлы ағамыз даулы мәселелердің басы болғалы тұрған тағы бір тарихты түртіп өтті. Енді ояту керек. Бұл да қиянда қалған тұлғалар туралы біздің тарих қалам тартпай отырғанының бір дәлелі.

Осы орайда көңілімізде қалған, тағы бір мәселе қылт етіп бой көтереді. Ол – қолды болған құндылықтар. Яғни, патшалық кезең мен кеңестік үкімет орнаған уақытта біздің аумақтан табылған құнды жәдігерлердің Ресей музейлерінен, шетелдік мәдени кешендерден орын алуы. Оларды қайтару – елдік мәселе ғой. Оның ішінде тарихымыздың таңбалы тұстарын танытып, бабадан қалған жалғыз жәдігерлеріміз жеткілікті.

Бұған қоса, бірталай тарихшы ғалымдар да кенже қалған тамырлы тарихтың тұстарына тоқталды.

(с) Ислам ЖЕМЕНЕЙ, тарихшы, шығыстанушы:

Қазақ тарихына қатысты көптеген орта ғасырда (751-1465) жазылған деректерді қазақ тіліне аударып, зерттеп, зерделеген жоқпыз. Мәселен, кеңес дәуірінде олардың шығыстану ғалымдарымен көптеген еңбектер жазылды. Бірақ, біз тәуелсіз ел болғанда өзіміздің төл таңба тарихты аршып алмадық. Оған тарихшы, шығыстанушы, әдебиетші, археолог мамандар біріге отырып, тарихқа қатысты бұрынғы деректерді қазақшаға аударсақ, ұтамыз. Біздің бір шындығымыз – Қазақстан Республикасы бүгін бар болса, мыңдаған жылғы тарихи қиындықтарды жеңе білдік. Міне, осыған қатысты жан-жақты зерттеулер әлі де жеткіліксіз.

Хангелді ӘБЖАНОВ, тарихшы, Ұлттық ғылым академиясының академигі:

Тарихшыларға қарата Президент күн тәртібіне қойған іргелі мәселенің бірі – Қазақстанның академиялық үлгідегі жаңа тарихын жазу, екіншісі – осындай іргелі еңбекке негізделген оқулықтарды шығару. Көптомдықты жазудың түпкі көздегені «тарихи сананы жаңғырту» делінсе, жаңа оқулықтарды әзірлеу «стратегиялық маңызы бар мәселе» екені тиянақталды. Ұлттық мүддемізге сай келетін көптомдық жаңа тарихымыздың әлі жазылмау себебі саналуан. Басты себеп – көптомдықты жазуға Қазақстан билігі тарапынан ресми тапсырыс болған жоқ. Енді болатын шығар. Жекелеген ғылыми-зерттеу институттары, факультеттер, ғалымдар талпыныс жасады, бірақ ізденістері, ұстанымдары мен құндылықтары үйлестірілмегендіктен, авторлар құрамында жалған, кездейсоқ, кәсіби даярлығы төмен жандар жүргендіктен діттеген мақсатына жетпеді. Сумақайлық (плагиат) Қазақстан ғылымының шын сорына айналды.

P.S. Егемендік алғанда алдымызда әртүрлі мақсатты мүдделер тұрды. Біз бәріне бірден қол жеткізген жоқпыз. Кезең-кезеңімен, адымдап басып, біртіндеп жеттік. Сондықтан, бұл олқылықтардың қалпына келтіріліп, құрғақ дариясы шалқып, таяз бөлігі толады деп сенеміз.

Кеңестік жүйедегі салынған идеологиялық шынжырды үзіп, ұлттық мүддемізді көздеген, төл құндылықтарды дәріптеген тағылымды тарихты аршуға мүмкіндік берген – тәуелсіздік еді.

Әзімбек ҚОЙЛЫБАЙ

Көрнекі сурет П.Гайгенің «Ғұндардың аландармен соғысы» картинасы. wikipedia.org

Leave a Reply

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Яндекс.Метрика