Газетіміздің өткен санында Түркістан облысының Төлеби ауданында орналасқан Сұлтанрабат қалажұрты (VІІІ-ХІV ғ.ғ.) аумағында орын алып жатқан заңсыздықтар жайында сөз етіп, облыс әкімдігі бір қолымен тарихи ескерткіш аумағын қорғап, екінші қолымен оны бұзуға қаулы шығарғанын айтып едік. Осындай бассыздықты жоюдың алғышарттарын қарай отырып, мақала соңында Ә.Марғұлан атындағы Археология институтының директоры, тарих ғылымының кандидаты Ақан Оңғарұлының «Облыстардағы тарихи-мәдени мұраны қорғау орталықтары мен дирекцияларын облыс әкімдіктеріне емес, тікелей министрлікке қарайтындай жағдай жасау керек. Өйткені, ол орталықтар әкімдікке қарап, әкімдіктен қаржыландырылатындықтан әкімдердің шешіміне қарсы тұратын қауқары болмайды. Мұны қазір Үкіметке ұсынғалы жатырмыз, жан-жақты ақылдасып, талқылайтын боламыз» деген сөзін келтіргенбіз.
Ақан Оңғарұлының сол сөзін тереңдете жеткізу мақсатында ғалымның сөзіне құлақ түріп, кішірек әңгіме-дүкен құрып едік. Расында, институт директоры сөзінің жаны бар секілді. Тарих және мәдениет ескерткіштерін қорғау ісін тікелей астанаға бағынысты мекеме атқармаса, іс насырға шауып, қолда бар, мемлекеттік қорғауға алынған ескерткіштеріміздің өзінен айырылып барамыз.
«ЕСКЕРТКІШ –ХАЛЫҚТЫҢ МАТЕРИАЛДАНҒАН ЖАДЫ»
– Оңғар аға, республикалық жиындарда облыстардағы тарихи-мәдени ескерткіштерді қорғау орталықтарын министрлікке тікелей бағынысты етіп қайта құру қажеттігін көтеріп жүргеніңізді естідік. Осы ойыңызды жан-жақты түсіндіріп беріңізші.
Ескерткіш – ең алдымен халықтың материалданған жады, ұлттың генетикалық коды. Еліміз бен жеріміздің сабақтастықта дамыған миллион жылдық тарихының заттай куәгері – осы ескерткіштер. Сондықтан, ескерткіштерді қорғау мен сақтау, бұл – ұлттық қауіпсіздік мәселесінің бір қыры деп есептеймін. Заңда да солай жазылған.
Осы ескерткіштерді қорғау мен сақтау ісінде мемлекеттік бақылау әлсіз деп есептеймін. Шынында, уәкілетті орган (министрлік) мен ескерткіш қорғауға тікелей жауапты жергілікті атқарушы органның арасында тығыз байланыс жоқ. Себебі, уәкілетті орган заң жүзінде жұмыс істегенмен, іс жүзінде жұмыс жүйеленбеген. Мәселенің бәрі жұмыстың жүйелі істелмегенінен шығып тұр.
Яғни, бұрыннан есепте тұрған ескерткіш бар да, жаңадан анықтау, есепке алу, оның ағымдағы жағдайын анықтау, бақылап отыру жұмыстары қазір жеткіліксіз деңгейде. Әрине, жоқ емес. Облыстардағы тарихи-мәдени ескерткіштерді қорғау орталықтары өздерінің шама-шарқынша шығып, республикалық және жергілікті деңгейде есепке алынған ескерткіштерді қарап тұрады. Дегенмен, сол орталықтардың толыққанды жабдықталмауы, қаражат бөлінбеуі, мамандар, археологтардық тапшылығы, т.б. көп жұмыстарға кедергі келтіреді. Және оған қоса, ол орталықтар облыстық мәдениет басқармаларына қарайтындықтан, өз деңгейінде көңіл бөлінеді деп айта алмаймын.
Сосын, жыл сайынғы археология жұмыстарына заң бойынша жыл сайын жоспарланып отыру қажет дейтін талап бар. Яғни, кім қандай жоба бойынша қай облысқа барып, қандай археология ескерткішін зерттейтінін жоспарлайды. Бірақ, бұл жерде де мемлекеттік мекемелер, үлкен археологиялық ұйымдар жұмыс жоспарын жібергенмен, қысқа мерзімді сараптамалық жұмыстарын (мысалы, мұнай құбырлары, электр желісінің құрылысы секілді) істерде ескерткіштің бар-жоқтығын анықтап, екі-ақ күндік жұмыстарын атқарады да, оның нәтижесін бермей қоя салатындар да болады. Былайша айтқанда, бір жыл көлемінде Қазақстан бойынша атқарылған археологиялық жұмыстар жылдық жоспарға толық енбей жатады. Оның басты себебі де түсінікті, себебі – мониторингтік жұмыстар жоқ болып тұр. Яғни, жергілікті атқарушы билікпен арада жұмыс жоқ. Соңы, бақылау болмай тұр. Заң жүзінде бәрі жақсы, бірақ кемшіліктер орын алып жатыр. Бұл – бірінші мәселе.
– Екінші мәселе – лицензиялау шығар?..
– Екінші мәселе – өзімізді-өзіміз құртып жатқан үлкен мәселе. Бұл – мерзімсіз лицензия беру. Қазақстан бойынша түгел ескерткіштің барлық түріне және барлық археологиялық жұмыстарға мерзімсіз лицензия беріледі. Бұл деген не деген сөз? Бұрын Қазақстанның бір өңіріндегі бір ескерткіштің ғана атын көрсетіп тұрып, соған ғана зерттеуге лицензия берілсе, қазіргі таңда бір-ақ рет лицензия беріледі. Бір-ақ рет e-gov порталынан лицензия алады да, Қазақстанның қай түкпірі болсын, жұмыс істей береді. Нәтижесінде, кімнің қай жерді қазып, қандай жұмыс істеп жатқанынан хабарсызбыз. Өйткені, археологиялық қазба жұмыстарына жоспардан тыс жүргізуге жол берілмесе де, ғылыми зерттеуге тапсырыс берушілер тарапынан сұраныс түсіп жатады. Ол ғылыми жұмыс дұрыс па, бұрыс па, ешкім сараптап жатқан жоқ. Ал, сараптаманы жүргізетін ғылыми ұйымдар болатын. Жұмыстар аяқталғаннан кейін 30 күн ішінде уәкілетті органға хат жазып, есебін беруі керек. Оны бәрі атқарып жатыр ма?
Үшінші үлкен дүние – әр түрлі маңызы бар ескерткіштердің бұзылып, жойылу үрдісінің қарқын алуы. Бұл, ең алдымен адами факторға байланысты. Арнайы құрылғылармен, металіздегіштермен жабдықтармен қаруланған көмбе іздеушілер, тіпті арнайы техникалармен ескерткіш аумағын қазып, тонайтын, заңсыз қазба жасайтындар күшейіп кетті. Сосын, табиғи фактор – табиғи апаттар: сел, жер сілкінісі секілді құбылыстар кезінде ескерткіш аумағы бүлініп жатады. Сондай-ақ, техногендік фактор – құрылыс, жол салу, инфрақұрылым тарту секілді әрекеттерге байланысты. Осыындай әрекеттердің барлығында сараптама жұмыстары толық жүргізілмейді. Кей істерде заңға сәйкес жұмыстар атқарылып жатса, кей тұстарда жұмысына кедергі келтіруін алға тартып, әдейілеп сараптама жұмысын ысырып қоятындар да кезігеді. Осы 3-4 фактордың кесірінен ескерткіштер көп бұзылып жатыр.
«ЖЕРІМІЗ ҮЛКЕН, ЖҰМЫС ӨТЕ КӨП, БІРАҚ МАМАНДАР АЗ»
– Ескерткіш үстін торуылдап жүрген заңсыз археологтар да бар, иә? Олардың өзі біраз жерді тіміскілеп, талай мұрамызды қиратып жатыр.
– Иә. Заңды және басқа да қазбалар болсын, табылған тарихи-мәдени олжалардыі табылуы, оларды мемлекетке өткізу процестері әжептеуір мәселе тудырып жатқаны тағы бар. Ондай табылған мәдени мұраларды Қазқстаннан тыс әкетуге тыйым салынады, әрине. Әкетілгендері кері қайтарылуы тиіс.
Дегенмен, бізде әр түрлі себептермен кездейсоқ табылған, қолды болған жәдігерлермен жүйеленген мақсатты жұмыс жоқ. Мониторингтеп, тіркеп, шетелге әкетілгенін қайтарып, заңсыз шығарылғанын жазалап, сатып алып дейтін секілді шаруалар атқарылуға тиіс болса, қазіргі таңда олар жеткілікті деңгейде болмай тұр. Жеріміз үлкен, жұмыс өте көп, бірақ мамандар аз.
– Енді, министрлікке ұсынған ұсынысыңыз жайлы айтып беріңізші.
– Біздің елде негізгі-негізгі осы 4 мәселе бар. Менің ұсынғаным – ҚР Мәдениет және спорт министрлігіне қарасты Тарихи-мәдени ескерткіштерін қорғау және сақтау жөніндегі мемлекеттік инспекция құрылмайынша бұл мәселелер де шешілмейтін сияқты көрінеді.
Себебі, әкімдіктердің қоластындағы облыстық тарихи-мәдени ескерткіштерді қорғау орталықтары мен дирекциялары сол әкімдіктің шеңберінен шығып бара алмайды. Ал, мемлекеттік инспекция болған жағдайда, ескерткіштерді қорғау мен сақтау, қалпына келтіру мен пайдалану ісінде барлық тетіктерді өз қалына алып, жұмыс атқара алатын болады деп ойлаймын.
Мысалы, арнайы құрылғы мен техникалармен заңсыз жұмыс істеп жүргендерді тыйып, мониторинг жасап, тіпті оларды жазалап, табылған олжалардың, материалдардың ортақ жүйесін жасап, оларды арнайы сақтау қорларына өткізу істеріне тікелей араласып отырар еді. Заңсыз археологиямен айналысушыларға қарсы құқық қорғау органдарымен бірлескен іс-шаралар атқаруға да мұрындық олар еді.
– Жан-жақты түсіндіріп бердіңіз. Енді осыған құлақ түретін билік болса деңіз. Әңгімеңізге рақмет.
P.S.: Ғылым ордасының директоры А.Оңғарұлының сөзінің жаны бар деп топшыладым. Өйткені, алысқа бармай-ақ, газеттің өткен санында көтерген Сұлтанрабат мәселесі де әдемі мысал болып тұрған жоқ па? Ескірткішті шырылдай қорғаған облыстық тарихи-мәдени мұраларды қорғау орталығының сөзіне облыс әкіматы пысқырып та қарап отырған жоқ. Ал егер, оның орнында министрлікке қарасты инспекция болса ше? Онда әкімат та Сұлтанрабаттың мәселесіне маңыз бере қарар еді-ау.
Сейдалы ДҮЙСЕБАЙҰЛЫ
Түркістан қаласы
Leave a Reply