Б.Дәуренбеков: Шымкенттің локациясы киноиндустрияға қолайлы

Қазіргі заманда киноның идеологиялық күші өте күшті екенін бәріңіз білесіз. Бұл тек киноға қатысты емес, анимациялық фильмдерге де осыны айтуға болады. Тәрбие құралы ретінде орны ерекше.

Қазір біздің жұмыстарымыз негізінен Шымкент қаласындағы «Сақ» киностудиясынан шығып жатыр. Бұл шығармашылық ұжым өнімдерінің бәрі бала тәрбиесіне арналған. Фильмдер мен мультфильмдер, «Балапан» телеарнасынан беріліп жатқан «Томпақ», «Қалқанқұлақ» секілді телесериалдарымыз да ұлттық тәрбиеге негізделген. Мәселен, «Қалқанқұлақты» алсақ, тәрбие фильм басталар сәтінде ойнайтын ән мен әуенінен, «әр күн сайын жақсылық жаса» деген сөзінен-ақ басталады. Ол өлеңді қазір балалардың бәрі біледі, әр күні жақсылық жасау керек екенін ұдайы қайталай бергесін санасына сіңеді, құлағына құя бергесін оны тыңдаған бала жаман болып өспейді деп ойлаймын.

Мен «Оңтүстікфильм» мекемесінде 12 жылдай қызмет атқардым. Ол ұжымға алғысым шексіз. Қазіргі қызмет атқарып жүрген, әрі бұрыннан әріптестікте болған «Сақ» киностудиясымен біргемін. Бүгінде ресжиссер ретінде де, сценарист ретінде де осы ұжымда жұмыс істеп жатырмын.

Біздің Шымкентте мемлекеттік балалар киностудиясы жоқ, бірақ балалар киносы мен мультфильмдер көп шығады. Мұндай туындылар Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкентте көп шығады, ал басқа облыстарда жоқ. Өйткені, Шымкентімізде дейікші, біздің облыста табиғат жағдайы, жыл мезгілдері, таулары, көліміз бен шөлімізге дейін, жалпы локациялық қалпымыз киноиндустрияға өте жақсы, өте қолайлы. Сондықтан да болар, басқа жақтардан біздің өңірге келіп кино түсіріп жататындар көп, осында түсірілім жасауға құмар. Көктемгі жауқазын қызғалдақтарды айтсаңшы. «Сақ» киностудиясының жасап жатқан дүниелерін айтып өтейін. Біздің ең үлкен мақтанышымыз – «Қазақ елі» деген толық метражды фильміміз. Жақында Мысырдың Каир қаласынан жүлдемен оралдық. Каирде 90 мемлекет қатысқан дүниежүзілік анимациялық фестиваль болды, сол жерде осы «Қазақ елі» арқылы 3 бірдей жүлделі орынды жеңіп алдық. Ал, «Балапан» телеарнасынан көрсетіліп жатқан «Томпақ», «Қалқанқұлақ» деген фильмдеріміз еліміздің «Жылдың үздік телехикаясы» атанды. Сондай-ақ, «Қошқар мен текені» еліміздің кез-келген тұрғыны біледі. «Сақ киностудиясы» дей қалсақ, сол анимациялық фильмімізді атап жатады.

Көпшілік «Қошқар мен текенің» жалғасы бола ма?» деп көп сұрайды . Әрине! Оның жалғасы да жазылып қойған, оның бәрі қаражатқа байланысты. Анимация деген инемен құдық қазғандай ұқыптылық пен төзімді қажет ететін жұмыс. Оның 1 секундтық көрінісіне 24-тей сурет салынады, ол боялады деген сияқты ұсақ-түйектері көп тірлік. Қазіргі жұмыстарымыздың дені осындай балаларға арналған анимациялық фильмдер.

Leave a Reply

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Яндекс.Метрика