«ҚЫЗҒАЛДАҚ АЛҚАБЫ» ҚҰРЫЛЫП, ТУРИСТІК СОҚПАҚ АШЫЛАДЫ

«Қызмет» газетінің 2021 жылғы 2 сәуірдегі №13 (528) санында қызғалдақтанушы М.Нүкісбековпен «Қызғалдақты қорғау жігіттік жалған намыс пен еркектік өркөкіректіктен биік болу керек» деп аталған сұқбатымыз жарық көрген болатын. Аталған материалда Ордабасы жотасында өсетін Корольков қызғалдағын қорғауға алып, арнайы туристік соқпақ қалыптастыру қажеттігі айтылған. Осы мәселе бойынша «Ордабасы» ұлттық тарихи-мәдени музей-қорығының басшыларына жолығып, жеткізген едік. Қорық қызметкерлері де бұл ұсынысқа қуана келісіп, туристер үшін арнайы соқпақ әзірленетінін айтты.

Жұмабек ТАШПАЕВ, «Ордабасы» ұлттық тарихи-мәдени музей-қорығының тарихи-мәдени мұраларды қорғау бөлімінің басшысы

Жұмабек ТАШПАЕВ, «Ордабасы» ұлттық тарихи-мәдени музей-қорығының тарихи-мәдени мұраларды қорғау бөлімінің басшысы:

«ҚЫЗҒАЛДАҚТЫҢ АРҚАСЫНДА ОРДАБАСЫ ТУРИСТІК ТАРИХИ-ТАБИҒИ КОМПЛЕКСКЕ АЙНАЛАДЫ»

Жұмабек мырза, «Ордабасы» ұлттық тарихи-мәдени музей-қорығы өз атауында айтылып тұрғандай, қорық қызметін де атқара алады екен. Бұл орайы келіп тұрған нәрсе сияқты. Газетіміздің өткен санында Ордабасы жотасын «Корольков қызғалдағының аралы», жақын маңда мұндай қызғалдақ түрі кездесе бермейтіні айтылды. Енді, осы қызғалдақты қорғау мен арнайы туристік соқпақ құру жайындағы ұсынысқа қалай қарайсыздар?

– Иә, осы уақытқа дейін, сіздер осы қызғалдақ түрін әлеуметтік желілерде жариялап, таныстырғанға дейін біздің музей-қорық қолға алмаған болатын. Қазір Ордабасы жотасы ерте гүлдейтін Корольков қызғалдағымен таныла бастаған соң қорғау жағын қарастырып жатырмыз. Мысалы, осы қызғалдақ түріне арнайы туристік соқпақ жасауға болады. Жыл сайын  наурыз айы бастала салысымен әлеуметтік желелілерде жариялар болсақ, мерекелік көңіл-күймен астасып кетері де анық. Келіп көрушілер саны арта түседі. Бұл бір жағынан қызғалдақты көруге келсе, екінші жағынан Ордабасыдағы тарихи орынды да қарайды. Яғни, қызғалдақтың арқасында Ордабасы жотасы туристік тарихи-табиғи комплекске айналады. Ол алдағы уақытта іске асатын жобамыз болып тұр.

Жоспарымызда қызғалдақтың қорғалуы, мал тұяғына тапталмауы, бүлінбеуі, адам қолымен жұлынбауы назарға алынып, қадағалауға тырысамыз. Қорғаумен қатар, туристік соқпақ та құратын боламыз. Арнайы мамандар бекітіліп, туристерге арналған арнайы жолақ, жүру бағыты, ескерту тақтайшалары мен белгілер орнатылатын болады. Жақын күндері «Қызғалдақ алқабы» деп учаске белгіленіп, қызғалдақты қорғау тақтайшалары орнатылады. Оны қаймасақ, келушілер біле бермейді бұл жерді.

«Қызғалдақ алқабы» деп қалдыңыз, көрші жатқан Ресей елінде бір ғана Шренк қызғалдағын қорғау үшін «Курнаев қызғалдақ шалғыны» (Курнаевский тюльпанның луг), «Николаев қызғалдақ шалғыны» секілді арнайы табиғи ескерткіштер белгіленген. Бір қызығы, біздің елде 40-қа жуық қызғалдақ түрі өскенмен, бірде-бір табиғи ескерткіш белгіленбепті. Түлкібастағы Шұбайқызылдың өзінде ондай мәртебе жоқ. Осы бір олқылық  сіздердің музей-қорықтарыңызда жүзеге асатын «Қызғалдақ алқабы» жобасымен орны толып, басқалар үшін тәжірибе болады екен. Қолдау білдіреміз.

– Көп рақмет.

Біздің қорық-музейдің алдағы уақытта атқарылатын жобалар қатарында «Қызғалдақ алқабынан» басқа да бірнеше жоба бар. Соның бірі – ескерткіштердің мәртебесін анықтау жұмыстары.

Ордабасы тауы – қасиетті жер ғой. Мұнда ежелгі сақ тайпаларының оба-қорғандары, қорымдары орналасқан. Өткен ғасырдың 80-ші жылдары Н.Подушкин барлау жұмыстарын жүргізгенмен, содан бері ешбір құжаттары әзірленбеген, ескерткіштің статусы белгіленбеген. Қазіргі таңда осы жұмыстарды атқарып жатырмыз. Алдағы уақытта «Ордабасы» ұлттық тарихи-мәдени музей-қорығы аумағында орналасқан барлық археологиялық ескерткіштердің мәртебесі нақтыланып, республикалық статус алатын болады.

Әңгімелескен: С.ДҮЙСЕБАЙҰЛЫ

Leave a Reply

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Яндекс.Метрика