«Ұлтыңды сақтаймын десең, қызыңды тәрбиеле, рухыңды сақтаймын десең ұлыңды тәрбиеле» деген екен ежелгі философ Платон. Сол айтқандай, қазіргі қоғам алдында тұрған ең басты міндет – ұлттық болмысымызды сақтап қалатын саналы да салиқалы ұрпақ тәрбиелеу. Бүгінде бұл мәселе мемлекет үшін де маңызды саналады. Өскелең ұрпақтың тәрбиесіне баса назар аудару керектігін қадап айтып кеткен Президентіміздің сөзі бұған дәлел бола алады. Біз осы жолда барын салып, 32 жылдан бері балалардың білімі мен тәрбиесі үшін тынбай еңбек етіп жүрген ұстаз, Шымкент қаласы білім басқармасының «Қосалқы мектеп-интернаты» коммуналдық мемлекеттік мекемесі директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары, «Отбасы хрестоматиясы» қоғамдық қорының Шымкент қаласындағы өкілі, олигофренопедагог және логопед Гүлнар Мықтыбаевамен сұхбаттасқан едік. Педагог ұлттық құндылықтарды насихаттаудың, сондай-ақ оны жас ұрпаққа дәріптеудің қыр-сырымен бөліскен болатын.
Қазаққа тән қасиетті бойына сіңіріп өскен бала өмірде адаспайтын
болады
– Гүлнар Сейітқызы, ұлтты құндылықтар дегеніміз не? Алдымен осыған жауап бере кетейікші…
– Ұлтты, халықты бір бірінен дараландырып тұратын – оның салт-дәстүрі, тілі, әдет-ғұрпы. Атадан балаға беріліп келе жатқан адамгершілік қасиеттері. Ұлттық құндылықтар дегеніміз осы. Біздің қазақ халқының да өзін ерекшелендіріп тұратын ұлттық құндылықтары бар. Мысалы,қолөнердің өзін алайықшы. Оны жай адам игере алмайды. Былтыр қаламызда ауқымды бір фестиваль өтті. Сонда соған Қазақстанның түкпір-түкпірінен қолөнер шеберлері келді. Байқап қарасам, бәрінің бойында ерекше бір даналық бар. Түсінгенім, адам жайдан жай қолөнерші болмайды. Өзгелерден дарынымен ғана емес, даналығымен де ерекшелініп тұрады екен. Сол секілді ұлт ретінде дараланамыз десек, балаларға жастайынан өнерді, салт-дәстүрді, әдет-ғұрыпты үйрете бергеніміз дұрыс. Қазаққа тән қасиетті бойына сіңіріп өскен бала өмірде адаспайтын болады.
– Келісемін. Әйтсе де сол ұлттық құндылықтарды бала бойына қалай сіңіруіміз қажет? Ол үшін не істеу керек?
– Отбасы хрестоматиясының «Сияр шәріп» кітабында: «Тауыстың көкірегінен аққан бір тамшы нұрдан ілім-білім, өнер, кәсіп жаратып, барша рухтың үстіне шашты. Сондықтан барлық адамның бойына белгілі бір ғылым мен өнерге бейім болып тұратын қасиет дарыды. Дүния тіршілігін бастаған кез-келген адам ерінбей еңбек етсе, осы әуелден дарыған дарынын жарыққа шығара алады екен» деген керемет сөз тіркесі бар, осы жадымнан кетпейді. Ересектер баланың бойындағы қабілетін ашуға ерінбесе бала бойына көп қасиетті сіңіруге болады. Қабілетсіз бала болмайды, оны аша білу ересектердің міндеті. Ата-ана баласын жанына алып еңбек еткенде де, дастарқан басында да қисса, аңыздар айтып отырса бала бойына құндылықтарды сіңіріп өседі. Жадында жақсы сақталады.
Жалпы адам баласы біреудің оған ақыл айтқанын қаламайды екен. Балалар да солай. Айтар ақылымыз деструктивті емес, конструктивті болуы тиіс. «Балаға байқай сөйлесең айтқаныңа көнер, байқамай шайқай сөйлесең көрсетер бір өнер» деген нақылы өте орынды айтылған. Ата-ана – бала алдында үлгі аларлық айнасы. Бар нәрсені өзімізден бастауымыз керек. Баланы кітап оқуға дағдыландыруды да ата-ана алдымен өзінен бастауы тиіс. Көп ата-аналардың қателігі сол, балаға оқы деп кітапты беріп қояды да, өзі оны оқымайды да, қарамайды да. Бойында кітап оқу қабілеті қалыптаспаған бала қалай кітап оқысын? Әрине, жарытпайды. Оқығанмен де ештеңе түсінбеген күйі қалады. Бұл тұста ата-ананың көмегі қажет. Балаға күніне 20 минут уақыт бөліп, кітапты бірге оқыған дұрыс. Оның түсінбеген жерлерін түсіндіріп, кей тұстарын бірге талдап отырса, балада қызығушылық пайда болып, күннен күнге ашыла түседі.
Сауатты ата-ана – сауатты ұрпақ
– Дұрыс-ақ. Бірақ бүгінде ата-аналардың көбісі жұмысбасты болып кетті. «Балаға көңіл бөле алмаймыз, уақытымыз жоқ» деп жатады…
– Ол сылтау. Адам қаласа бәріне уақыт табады. Әйтсе де ата-аналарды да кінәлай алмаймыз. Себебі бүгінгі ата-аналардың басым көпшілігі – тоқырау заманында дүниеге келгендер. Олардың да үйренгендері аз. Сондықтан ата-аналарға да арнайы бір клубтар ашып, оларды да рухани тұрғыдан сауаттануына атсалыссақ керемет емес пе? Оған қоса үйде отырған аналарға қолөнерді үйретсек қандай жақсы. Өнердің тұтқасын ұстаған адам түбі бір жетістікке жетеді. Қараңызшы, бұрынғы кез келген әйел кесте тіге алатын, ұршық иіріп, киіз басатын. Киіз басудың өзі де коммуникация еді ғой. Бүгінде ол жоқ. Осы нәрселер бізге жетіспейді. Бұл мектеп тарапынан ұйымдастырылса да болады. Ата-аналар жиналысының форматын өзгертіп,оларға бала тәрбиесіне қатысты психологиялық-педагогикалық қолдау көрсетіп, бағыт-бағдар беріп отырсақ, өте ұтымды дүниелердің бірі болар еді. Осындай нәрселерді ұйымдастыру қажет секілді.Бұл не үшін керек? Адам өзі не біледі, балаға да соны үйретеді. Адам өзі істемеген нәрсені өзгеге қалай үйрете алады? Сондықтан ұрпағымыз сауатты, білімді болсын десек, ата-ана да көзі ашық, көкірегі ояу, рухани сауатты бола білгені дұрыс.
– Әйтсе де, баланы кітап оқуға бейімдеу тек ата-ананың ғана міндеті деп қарамай, бұл шаруада қоғам болып атсалысқан дұрыс секілді. Бірақ ол қалай жүзеге асуы тиіс?
– Әрине, тек ата-ананың міндеті деп айта алмаймыз. Бұл тұста мәдени ошақтар мен білім ордалары да өзіне тиесілі міндеттерді атқарады, атқарып та келеді. Сонымен қатар, шешендікөнерге, ораторлыққа, оқу сауаттылығына үйрететін үйірмелердің де жұмысын ұмыт қалдыруға болмайды. Мысалы, өзім екі жыл болды, әр жаз сайын балаларға арналған логопедиялық лагерьұйымдастырып жүрмін. Енді бұл анау айтқандай үлкен лагерь емес, бір ғимаратты жалға алып, сол жерде 10-15 баламен жұмыс істеймін. Лагерьгедұрыс сөйлей алмайтын, ойын дұрыс жеткізе алмайтын, тілі орысша шыққан балалар келеді. Мұнда балалар тақпақтар, жаңылтпаштар жаттайды, ертегілер оқиды, ұлттық ойындар ойнайды, табиғатқа шығады. Әйтеуір, бос уақыттары болмайды. Нәтижесі жаман емес. Әсіресе, тілі орысша шыққан балалар үш ауысым бойы лагерьде қалып, таза қазақша сөйлеп қайтқан жайттар да аз болмады.
Бүгінде ата-аналар балаларға шектен тыс қамқорлық көрсетеді. Ғылымда мұны «қауіпті қамқорлық» деп атайды. Оның үстіне қазір бәріқолжетімді, барлығы дайын кезеңде өмір сүріп жатырмыз. Сондықтан да балалардың көбісі босбелбеу болып кетіп жатыр. Қалауына неғұрлым оңай қол жеткізген сайын күрескерлігі де соғұрлымкеми береді. Ал енді ата-анасынан ажырап, лагерьге келген балада жауапкершілік пайда болып, есейеді. Тағы бір тиімді тұсы – балада орта пайда болады. Қазіргі кішіден кәріге дейін телефонға телмірген мына заманда бала сырт әлемнен гөрі виртуалды әлемде көбірек өмір сүретін болды. Мұндай балалар қоғаммен араласқысы келмей қалады. Ең қауіптісі де сол. Баланы осы деңгейге жеткізбеуіміз керек. Ал лагерьге келген бала телефон ұстамайды, тіпті оны іздемейді де. Өйткені оның уақытын бірге тиімді өткізетін, бірге ойнайтын ортасы бар. Міне, балаға осындай ортаны беретін үйірмелер көп болса, нәтиже шығару да әлдеқайда оңай болады.
Халық ауыз әдебиеті – тәрбие құралы
– Осы тұста мына нәрсеге тоқталып өтейікші. Қазір көп балалар екі сөздің басын құрап сөйлей алмайды. Өзіңіз айтып кеткендей, ойларын дұрыс жеткізе алмайды. Сұрақтарға да қысқа, жалаң жауап беріп жатады. Осы мәселеде баламен қалай жұмыс істеген дұрыс? Дәлірек айтсам, қандай әдіс-тәсілдерді пайдалану қажет?
– Ең бірінші мұның себебіне тоқталайықшы. Қазіргі балалар неліктен сөзге шорқақ? Өйткені оларда коммуникативті байланыс жоқ. Үнемі гаджетке телміріп отырған балаларда меңіреулік басым. Бұл дегеніміз, жаңа айтып кеткенімдей, бала сыртқы әлеммен байланыспайды. Кейде есімін атап шақырса да жауап бермей жатады.
Содан соң бір орында отыра алмайтын, гипер белсенді, ұшқалақ балалар да аз емес. Кей аналар баласы тынымсыз болса, тыныш отырсын деп телефон беріп қояды. Бұл дұрыс емес. Бала тынымсыз болса, демек ол бір нәрсе үйренгісі келіп жатыр деген сөз. Баланың жас ерекшелігіне сай ақпаратты өз уақытында меңгермей бойындағы қабілеттері ашылмай қалса да, ол жаңғалақ келеді. Әлгі қабілеті ашылған кезде бала тыншиды. Өзімеңбек ететін мектеп-интернатқа бірінші сыныпқа бір жылдары осындай бала келді. Әлгі бала ендішектен тыс тынымсыз, бір жерде мүлде отыра алмайды. Мектепте бірнеше ай оқыған. Мұғалімдер: «Мына баланы біз оқыта алмаймыз, басқа мектепке апарыңыз», – деп шығарып жіберіпті. Сонымен ол баланы бізге алып келді. Біз не істедік? «Әлдиден эпосқа дейін» деген кітаптың ішінен балаға тақпақ жаттатқыздық, аңыз-қиссалар оқып бердік. Басқа да қосымша коррекциялық жұмыстар жасадық. Үшінші сыныпқа келгенде баланың әлгі мінезі басылды. Қазір тәп-тәуір жігіт болды, биыл оныншы сыныпта оқып жатыр. Айтқым келгені, мейлі ол сөзге шорқақ бала болсын, мейлі гипер белсенді бала болсын, қай қайсысына болмасын, халық ауыз әдебиетін тәрбие құралы ретінде пайдалануға болады. Аңыз, қисса, жұмбақ, жаңылтпаштардың барлығы да баланың дамып жетілуіне пайдалы. Ғалымдардың айтуынша аңыз қиссалар — адамның оң жақ жарты ми мен сол жақ жарты миын бір-бірімен байланыстырып тұратын алтын көпір. Бала қисса, аңыз, ертегі айтып үйренетін болса, онда екі ми қатар дамиды.
Балаға тақпақ жаттату қажет. Бірақ, тақпақты да таңдап жаттатқан дұрыс. Оның ішінде баланың ой-өрісіне жақын, сөздік қорында бар сөздер болу керек. Тақпақта бала өзі танитын, білетін нәрселер сипатталу қажет. Сонда бала түсініп жаттайды. Ал түсініп жаттаған кезде, оның сөздік қоры байи түседі. Жадында жақсы сақталады. Солай баланың тілі дамиды. Ал енді тақпақ жаттап үйренген бала кітап оқуға да оңай бейімделеді.
Содан соң аңыз, ертегі, өлең болсын, қысқа түрін таңдау керек. Әйтпегенде бала «Мынаның бәрін оқуым керек пе?», «Мынаның бәрін жаттаймын ба?» деп беті қайтып қалады.
Сонымен бірге, ақпараттар иллюстрациялы болса, суреттерімен көрсетілген болса тіпті керемет. Бұл баланы жалықтырмайды, керісіншеқызықтыра түседі. Осы тұста «Отбасы хрестоматиясы» қоғамдық қорынан басылып шыққан кітаптар сериясын пайдалануға болады. Әсіресе, «Әлдиден эпосқа дейін», «Салт-дәстүр сөйлейді» т.б. деген кітаптар – өте жақсы көмекші. Мұнда ұлттың болмысын бейнелейтін материалдар жетерлік. Соны балаға жүйелі түрде бере алсақ, бала бойына сіңіре алсақ, мұның өзі – үлкен жеңіс.
– «Отбасы хрестоматиясы» туралы айтып қалдыңыз. Аталған қор туралы толығырақ түсіндіріп кетіңізші. Мақсат-міндеті не, қандайкітаптар шығарады?
– «Отбасы хрестоматиясы» – балаларға арналған ертегі-аңыздар мен қиссаларды, шетел әдебиетінің аудармаларын, психология, философия,логотерапия, экзистенциалдық бағыттағы еңбектерді ұсынып отырған танымал баспа. Мақсаты – ұмыт қалып бара жатқан ұлттық құндылықтарды бүгінге жеткізу, насихаттау, дәріптеу. Баспа өз жұмысын 2012 жылы бастаған, былтыр10 жылдығын атап өтті. 2012 жылы қоғамдық қор ретінде құрылды.
Осы жоба негізінде басылып шыққан кезінде алаш арыстарымыз аударып шығарған балалар әдебиеттері бар. Кезінде латын әріптерімен жазылған «Нелло мен Партраш», «Мүнхаузеннің басынан кешкен хикаясы», «Хәри мен Кәри», «Муму», «Кішкентай ханзада», «Жан Кристоф», «Робинзон Крузо» т.б. сынды балалар әдебиеті кириллицамен кішкентай оқырмандарына ұсынды. Мұндай кітаптар балаларға өмірдің мәнін түсінуге септігін тигізеді, табиғатқа деген сүйіспеншілігін оятады. Баланың тіл байлығын арттырып, шешен сөйлеуге үйретеді. Одан өзге де пайдасы көп. Тек балалар әдебиеті ғана емес, ересек берері мол кітаптар да жетерлік. Соның ішінде болмысы ерекше тұлғаларды қалың оқырманға таныстыру мақсатында осыдан екі жыл бұрын «Бейсен және болмыс» деген кітап шықса, биыл «Өзбекәлі және мәдени майдан» кітабы жарық көрді. Одан бөлек «Отбасы хрестоматиясы» сериясымен «Логотерапия немесе өмірге ғашық болу», «Яссауи феномені», «Өмірге ғашық болу», «Махаббаттың мәні», «Өркениетті адам», «Мың сұрақ», «Әділ патша», «Экософия немесе киелі табиғат» сынды көптеген кітаптар басылып, таралды. Кітаптардың жалпы тиражы 150 мыңнан асады. Бүгінге дейін бұл жоба негізінде 40-тан астам кітап шығып үлгерді.
Кино және театр: бүгінгі ұрпаққа берері қандай?
– Түсінікті. Ал енді кітаптан бөлек, кино арқылы да балаларға ұлттық құндылықтарды дәріптеуге бола ма? Бұл сұрақты қойыпотырғаным, қазір балалар кинодағы үзінді сөздерді тез жаттап алатын болыпты. Педагог ретінде ойыңызды білсем…
– Иә, өзіміз де бала кезімізде киноны көріп болған соң, сөздерін қайталап айтып жүретін едік. Дегенмен, қазіргі соңғы шығып жатқан кинолардатұрмыстық деңгейдегі сөздер көп айтылады. Әлбетте, ол баланың сөздік қорын еш арттырмайды. Бәрібір бұрынғының киносына жетпей тұрады. Мысалы, «Қыз Жібекті» алып қарайықшы. Кейіпкерлер қандай керемет сөйлейді, иә? Тілі өте көркем. Бекежан қызба мінезді кейіпкер болса да, сценарист оның аузына да көркем сөздер салған. «Ей, Шектінің жесірлері,жоқтауларыңды Жағалбайлыға қарап айтыңдар!» деп ойдың өзін еш бейәдепсіз, көркем тілде жеткізеді емес пе? Өкінішке орай, қазіргі фильмдерде бейпіл сөздер, оған қоса орысша сөздер өте көп. Одан баланың тіл байлығы қалай дамиды? Бұл құндылық емес. Өкініштісі, балалар соны тез сіңіріп алып жатыр. Сондықтан фильмдерде цензура болу қажет. Егер киноның тілі көркем, сюжеті тартымды болса, бұл баланың дамуына оң әсерін берер еді. Негізі балаларға арналған жақсы фильмдер түсірілуі керек деп ойлаймын.
Осыдан біраз бұрын «Оян, қазақ» фильмінің жарнамасы қандай керемет жүрді. Балаларға да көрсетіп жаттық. Бірақ, бұл киноның да нәзік тұстары бар. Оны көрген балада ұлтшылдық, орыс ұлтына деген жеккөрініш сезімі оянуы мүмкін. Көзқарасы өзгеруі мүмкін. Сондықтан кино түсіргенде осындай нәрселерге де мән берген дұрыс секілді.
– Ал театр ше? Бәлкім киноға қарағанда театр қойылымдарының балаларға берері көбірек шығар?
– Шындап келгенде, театрдың берері мол. Адам екі сағатта оқып шыға алмайтын біртұтас шығарманы 1,5-2 сағатқа сыйғызып көрсетіп береді. Сол жағынан өте ұтымды. Ал енді кішкентай балақайларға қуыршақ театры өте жақсы әсер етеді. Өзім немерелерімді жиі апарамын, нәтижесін байқап та жүрмін. Мұнда бала, біріншіден, эмоциямен сөйлеуді үйренеді. Екіншіден, сөздік қоры артады, сұрақ қоюды үйренеді. Қазір үш немеремнің де тілі ерте шықты. Сөздік қоры жаман емес. Ойларын анық жеткізеді, адамдарды жатырқамайды, еркін сөйлесіп кете алады, коммуникативті байланысқа тез түседі. Жалпы алғанда, тек қана театр емес, кез келген мәдени ошақтың, өнердің берері көп. Тек оны дұрыс насихаттап, үйрете алсақ болғаны.
– Уақыт бөліп, сұхбат бергеніңіз үшін көп рахмет!
Сұхбаттасқан – М.Ибраева
Leave a Reply