Шымкент қаласының педагогтары Астана қаласында өткен білім беру семинарына қатысып, өз кәсіби тәжірибелерін жетілдіру мүмкіндігіне ие болды. Бұл шара педагогтардың біліктілігін арттыруға және заманауи оқыту әдістемелерін меңгеруге бағытталған. Астана қаласында «Интеллектум» қосымша білім беру орталығы ұйымдастырған «Интеллектуалды – дамытушы ойындар оқу процесін ұйымдастыру құралы ретінде» атты семинар педагогтарға арналған маңызды және өзекті іс-шара ретінде өткізілді. Бұл семинардың басты мақсаты – балалардың зияткерлік, сенсорлық, шығармашылық және әлеуметтік дағдыларын дамытуға бағытталған заманауи әдістемелер мен ойындарды тиімді қолданудың жолдарын көрсету. Семинар барысында педагогтар маңызды тақырыптарда дәрістер тыңдады. Сондай-ақ, білім беру саласындағы инновациялар мен озық тәжірибелерді талқылау алаңына айналған бұл шарада ұстаздар өзара тәжірибе алмасып, жаңа идеялармен қаруланды.
Семинарға Шымкент қаласы білім басқармасына қарасты «Мектепке дейінгі дамыту орталығының» Ақпараттық талдау бөлімінің әдіскерлері С.Сарбасова, А.Жумабаева және №97 «Ақмарал» бөбекжай бақшасының меңгерушісі Э.Тульбасиева, №58 «Күншуақ» бөбекжай бақшасының меңгерушісі А.Есбол, «Көркем-Ару» бөбекжай бақшасының құрылтайшы-меңгерушісі К.Тажибаева, «Бал-Айбике» ұлттық сауықтыру бөбекжай бақшасының құрылтайшы-меңгерушісі А.Байдаулетова қатысты. Семинар барысында педагогтар мен тәрбиешілерге балалардың толыққанды дамуына ықпал ететін жаңа әдіс-тәсілдер мен практикалық құралдар ұсынылды. Сондай-ақ, қатысушылар ойын арқылы балалардың білім алу процесін қызықты әрі тиімді ұйымдастыру тәсілдерімен бөлісті.
Семинарға Астана, Алматы, Ақтөбе, Семей, Павлодар, Қостанай, ШҚО Зайсан сияқты еліміздің түрлі өңірлерінен мектепке дейінгі білім беру саласының өкілдері, педагогтар мен тәрбиешілер қатысты. Бұл шара білім беру қызметкерлеріне өзара тәжірибе алмасуға, жаңа білім мен дағдыларды меңгеруге мүмкіндік берді. Негізінен мұндай семинарлар педагогтардың кәсіби дамуына үлкен үлес қосып, білім беру сапасын арттыруға септігін тигізеді. Семинардан жинаған білім мен тәжірибені олар өз саласында кішкентай бүлдіршіндердің игілігі үшін қолданбақ.
Педагог біліктілігі – жас ұрпақтың дамуы мен тәрбиесінде шешуші рөл атқаратын маңызды фактор. Білікті педагог балалардың физикалық, зияткерлік және эмоционалдық дамуын үйлесімді қамтамасыз етіп, олардың тұлға ретінде қалыптасуына ықпал етеді. Білікті педагог заманауи оқыту әдістерін қолдана отырып, балалардың қызығушылығын арттырып, шығармашылық қабілеттерін дамытуға бағытталған тиімді әдістемелерді пайдаланады. Сонымен қатар, кәсіби маман ретінде ол әр баланың жеке ерекшеліктерін ескеріп, жеке тұлғаға бағытталған көзқарасты ұстанады. Балабақша педагогының үздіксіз білімін жетілдіруі – оның кәсіби деңгейін сақтап, қоғам сұранысына сай жұмыс істеуінің кепілі. Семинарлар мен тренингтерге қатысу, тәжірибе алмасу, заманауи білім беру технологияларын меңгеру педагогикалық шеберліктің маңызды қадамдарының бірі болып табылады. Мұндай педагогтар балалардың сенімділігі мен өздігінен шешім қабылдау дағдыларын қалыптастыруға да баса назар аударады.
Қазіргі заман талабына сай білікті педагог болу – үлкен жауапкершілік пен үздіксіз дамуды талап ететін үдеріс. Білікті педагог баланың алғашқы білім алу және тұлғалық қалыптасу жолындағы сенімді жетекші деп нық айта аламыз. Оның кәсіби деңгейі мен білімі болашақ ұрпақтың сапалы тәрбиесі мен біліміне берік негіз қалайды. Жалпы, балабақша педагогының біліктілігі жас ұрпақтың дамуы мен тәрбиесінде шешуші рөл атқаратын маңызды фактор ғана емес, білікті педагогтың балалардың физикалық, зияткерлік және эмоционалдық дамуын үйлесімді қамтамасыз етіп, олардың тұлға ретінде қалыптасуына ықпал ететінін де ұмытпаған жөн.
Leave a Reply