Мария Монтессори – Италиядағы әйелдерден шыққан алғашқы медицина докторы. Ол университеттің емханасында ақыл-ойы артта қалған балаларға бақылау жасап көрді. 1900 жылы Марияның өзі дамуында ауытқушылықтары бар балаларға арналған Еуропадағы бірінші оқу орнына басшылық етті. Оның кішкентай емделушілері нашар сойлегендіктен ол саусақтардың ұсақ моторикаларын жаттықтыру арқылы сөйлеуді дамытатын арнайы жаттығулар және балалардың өзіндік сенсорлық тәжірибе негізінде қоршаған ортаны зерттей алатын арнайы құралдар мен ойындар әзірледі. Сөйтіп Монтессори тәрбиеленушілері оқу, жазу, есептеуді мектептегі құрдастарынан бұрын үйренді.
1909 жылдан бастап М.Монтессори жүйесі өмірге белсенді түрде енгізіле бастады. Түрлі елдің педагогтары үшін курстар ашылды. 1910 жылы «Монтессори әдісі» атты кітап жарық көрді. 1929 жылы халықаралық Монтессори Ассоциациясының негізі салынды.
Мария фашистік тәртіп кезінде елден кетіп, 76 жасында қайта оралып, көптеген еңбектерін шығарады. 1950 жылы Амстердам университетінің профессоры атағы, докторлық құрмет дәрежесі беріледі.
МОНТЕССОРИ ӘДІСІ НЕ БЕРЕДІ?
Монтессори әдісі балалар зейінін, шығармашылық, логикалық ойлау қабілетін, есте сақтауды, сөйлеуді, елестетуді, қимылды дамытады. Монтессори әдісінің негізгі қағидасы – «оқы, оқы» деп күштеп емес, ойын арқылы оқыту және баламен дербес тіл табысуға негізделген жаттығуларды таңдап алу. Мұнда бала дидактикалық материалдар мен сабақ уақытының ұзақтығын өзі таңдайтын болғандықтан оқытуда ерекшеліктер бар. Сондай-ақ, олар өз қателіктерін өздері көріп, соны өздері түзеп отырады. Монтессори бөлмесінде «Барлығымен еркін айналыс, бірақ басқаларға кедергі жасама» деген ереже үнемі сақталады. Бүгінде осы әдіспен жұмыс істейтін балабақшалар да көптеп ашылып жатыр. Ондағы ұстаздар міндетті түрде дайындық курсынан өтеді.
Монтессори әдісінде сыныптық сабақ системасы жоқ, мектеп партасының орнына жеңіл қозғалатын столдар мен отырғыштар, кілемшелер қолданылады. Мұнда ұстаз баланың өз бетімен жұмыс істеуін қадағалайды.
ХХІ ғасыр табалдырығын білім мен ғылымды инновациялық технологиялық бағытты дамыту мақсатымен атауымыз үлкен үміттің басты нышаны болып табылады. Ұрпағы білімді халықтың болашағы бұлыңғыр болмайды. Жас ұрпаққа мән-мағыналы, өнегелі тәрбиемен білім беру – бүгінгі күннің басты талабы. Баланың жеке тұлға ретіндегі дамуы, өзіндік көзқарасының қалыптасуы, ой-өрісінің кеңеюі мектеп қабырғасынан басталады.
Стамкулова Акмарал Абдилахаткызы
Шымкент қаласы білім басқармасы «Қосалқы мектеп-интернаты» КММ дефектолог маманы
Суретте 3 а сынып оқушылары
Leave a Reply