БІЗДІҢ КЕЙІПКЕР Мектептің мақтанышына айналған Аруна

Шымкент қаласындағы №1 Талант жалпы білім беру мектебінде үлгілі оқушылар аз емес. Солардың қатарында 10 «А» сыныбының оқушысы Аруна Алимова да бар. Өзінің қатарластарынан қарағанда ойы әлдеқайда озық қыз – Дарын орталығы ұйымдастырған байқауда «Қожа Ахмет Яссауи хикметтерінің көркемдік ерекшелігі және көркем поэзия үлгісі» атты тақырып бойынша I орын, Talant ЖББМ ұйымдастырған жаратылыстану бағыты бойынша алгебра пәнінен апталық олимпиадасының II орын иегері. Сондай-ақ, түрлі интеллектуалды ойындардың жеңімпазы. «Шәкірт ойы» білім беру курсының атынан ұйымдастырылған «Quiz show» ойынының жеңімпазы, жүлделік қор иегері. Сейт Бердімбетұлы атындағы білім грантының иегері.

Талапты қыз Аруна қазақ тілі пәніне ерекше қызығады. Ол 10 жасынан-ақ түрлі өлеңдер мен жыр дастандарды, ал 13 жасынан бастап Абай шығармашылығын зерделеп, қара сөздерін жаттап өскен. Осындай зеректігінің арқасында көптің ішінен ерекше көзге түсіп жүрген Арунаны әңгімеге тартқан едік.

Аруна, «Қожа Ахмет Яссауи хикметтерінің көркемдік ерекшеліктері және көркем поэзия үлгісі» атты ғылыми жобаң қалалық деңгейде қорғалып, республикаға жолдама алыпсың. Құтты болсын! Бұл – үлкен жетістік. Жобаң үздік деп танылғанын білген сәтте қандай сезімде болдың?

– Иә, бұл байқауды Шымкент қаласының Дарын орталығы ұйымдастырған еді. Менің жұмысым 20-дан астам жобалардың ішінен топ жарып шықты. Әрине, қуанышымда шек болмады. Расында да, алғаш рет ұстазымның жетекшілігімен жоба жасап, оны сәтті аяқтау мен үшін үлкен жетістік болды. Осы күннен бастап басқа да түрлі ғылыми жұмыстарға белсене кірісіп, зерттеп-зерделей бастадым. Бұл алғашқы жеңісім жарқын болашағымның қалануына үлес қосты. «Parasat» мектебіне ұстазыммен бірге жобамды қорғауға барған күнім жадымда мәңгі сақтаулы. Себебі ол менің арман жолыма апаратын алтын баспалдағым болды.

– Ұстазым деп қалдың, ұстазыңның есімі кім? «Ақылдымның» оқырмандарына да таныстыра кетсең…

– Ұстазым – биология пәнінің мұғалімі, сынып жетекшіміз Аяулым Мұхтарқызы. Ешқашан білгенін аямайтын жан. Ұстаз деген ұлы атқа ие деп дәл осы кісіні атай аламын. «Баласы атқа мінсе, анасы тақымын қысар»  демекші әр ғылыми жобаға барған сайын Аяулым апай маған қолдау көрсетеді. Ал ғылыми жетекшімді жай сөзбен сипаттап жазу мүмкін емес. Ол кісі, тіпті, екінші анамдай болып кеткен.

Ал Жәудір Полатханқызы – бойымдағы қасиеттерді байқай отырып, білім жолына деген сара жолымды салып берген адам. Екеуміз бірге қалалық, республикалық деңгейде ғылыми жоба жасап, биік белестерден көріндік. Менің осы уақытқа дейін жеткен жетістіктерімнің себепкері – екінші анам Жәудір ұстазымның арқасы. Дарын орталығы ұйымдастыратын ғылыми жобаларға қатыстырып І, ІІ орын иегері атануыма көп үлесін қосып келеді. Ұстаздарымның осындай ерен еңбегін айтпай кетуге болмайды.

– Тақырыбы айтып тұрғандай, сенің ғылыми жобаң Қожа Ахмет Яссауи хикметтеріне, оның поэзия үлгісіне арналған екен. Жобаға Яссауи бабамыздың шығармашылығын негіз етіп алуыңа не себеп болды?

– Қожа Ахмет Яссауи хикметтеріне қызығушылығым жастайымнан басталды. Себебі мұсылман дінінің қайраткері болған Яссауидің Алланы таныту жолындағы хикметтері мені бір оқығаннан жаулап алды. Дәл осы кезден бастап хикметтерін жаттап, идеологиясын өз шығармашылығыма арқау еттім. Яссауи хикметтерін оқығаннан кейін шабыттана жазған өлеңдерім де  бар.

– Солай ма? Керемет екен! Өлең жазуға неше жасыңнан бастап құмарттың?

– Он жасымнан бастап ішкі күйлерімді, ойларымды өзімше қағазға түсіріп жүретінмін. Содан бері қолыма қалам ұстағым келіп тұрады. Жалпы, өлең жазуға менің ішімдегі ақтарылмаған сырларым және қазақ тіліне деген махаббатым арқау. Ана тіліме деген құштарлығымның арқасында «Ақындыққа ебін тауып кетер ме едің, қазақ тілдің құдыретін ұғына алсаң»  деген шумақтарды жазған едім. Шындығында қазақ тілі өте бай тіл ғой. Соны өзім жазған өлеңдерім арқылы дәріптеуге, көрсетуге тырысып жүрмін.

– Тамаша! Бос уақытыңда немен айналысасың?

Бос уақытымда Мәшһүр Жүсіптің оқиғаларын, Қожа Ахмет Яссауидің  хикметтерін зерттеумен айналысамын. Түркі әлемінің көрнекті ақын-жазушыларының өмірбаянын саралағанды, олардың шығармаларын оқып, жаттағанды жақсы көремін. Жалпы, мен бос уақытымды өзіме пайдалы дүниелермен айналысқанды жөн санаймын. Өлең жазып, ойымдағыны ұйқас қылып түсіремін. Содан соң Hip hop жанрындағы би курстарына барып, бойымдағы бишілік қасиетімді оятуға тырысамын. Айтпақшы, «Dits studio»-сы жыл сайын ұйымдастыратын би жарысына қатысып, алғашқы жылдары «Best new dancer» жүлдесін иеленгенім бар.

– Мектепте сүйікті пәнің бар шығар…

– Қазақ тілі мен әдебиеті пәнін ұнатамын. Қазақ тіліне деген махаббатым шексіз. Ана тілім жайлы жазған туындыларым да бар. Ата-анам мені қазақы тәрбиемен тәрбиелеп, қазақ тілінде сөйлетіп өсірген. Сондықтан да мен өз тілімді сүйемін.

– Мектеп ішіндегі қоғамдық жұмыстарға келгенде қаншалықты белсендісің?

– Мен – мектептегі белсенді оқушылардың бірімін. Құқық және тәртіп фракция басшысымын. Мектеп ішіндегі тәртіп пен тыныштықты сақтау менің міндетім деп білемін.

– Жарайсың, Аруна! Алға қойған мақсатың қандай?

– Жастайымнан армандап келе жатқан бір арманым бар. Ол – өз білімімді ары қарай дамытып, көп тіл біліп, шет елге оқуға түсу. Қазіргі таңда қазақ, орыс, ағылшын тілдерінде еркін сөйлеймін. Алда кәріс тілін оқу жайлы жоспарларым бар. Заманында қайталанбас адам болу – өмірлік қағидам.

– Олай болса іске сәт! Әрдайым биіктерден көрінуіңе тілектеспіз!

Leave a Reply

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Яндекс.Метрика