Шымкент қаласындағы «Parasat AJ» жекеменшік орта мектебі – білім беру сапасына мән беретін, жас ұрпақты жан-жақты дамытуға бағытталған оқу орны. Мектеп білікті педагогтардан құралған ұжымымен және заманауи білім беру тәсілдерін қолдануымен ерекшеленеді. Сондай-ақ, жас ұстаздарға кәсіби дамуға жағдай жасап, олардың шығармашылық әлеуетін арттыруға үлкен көңіл бөлуде.
Жас ұстаздарға кәсіби дамуға жағдай жасалған
Осы мақсатта «Parasat AJ» мектебінің бастауыш сынып ұстаздары Нұржау Шынар, Нұрманова Айнұр, Умиралиева Гүлмира, Құралай Мырзагелдіқызы Қазақстанның зияткерлік «Бәйтерек» мектебінің базасында өткен «Оқушылардың функционалдық сауаттылығын арттыру үшін тиімді білім беру технологияларын пайдалану және PIRLS халықаралық зерттеулеріне дайындық ерекшеліктері» тақырыбындағы қалалық семинарға қатысып қайтты. Семинардың мақсаты оқушыларды PIRLS және TIMSS халықаралық зерттеулеріне дайындауда және функционалдық сауаттылықты дамытуда жаңа білім беру технологияларының мүмкіндіктерін көрсету болатын. Осы бойынша семинарда заманауи әдістер мен технологиялардың қолданылуы сөз болды. Семинардың міндеттері – оқушылардың функционалдық сауаттылығын дамытуға бағытталған түрлі міндеттерді табысты шешетін мұғалімдердің тәжірибесін көрсету. Осы міндетке сәйкес, математика, жаратылыстану, оқу сауаттылығы, қаржылық сауаттылық және шығармашылық ойлауды дамытуға арналған тиімді әдістемелермен танысу ұстаздарымыздың білімін шыңдауға сеп болды.
Семинар барысында оқушылардың функционалдық сауаттылығын арттыру үшін оқу-әдістемелік кешеннің мазмұнын жетілдіру, жаңа білім беру формаларын қарастыру мәселелері де көтерілді. Оқыту барысында интербелсенді әдістер мен жобалық жұмыстардың нәтижелілігіне ерекше назар аударылды. Бұл семинар ұстаздардың кәсіби дамуы үшін зор мүмкіндіктерге толы болды. Оқыту технологияларын тиімді пайдалану, оқушылардың функционалдық сауаттылығын арттыру жолындағы жаңа тәсілдерді үйрену болашақта педагогтардың жұмысы үшін пайдалы болмақ.
Сонымен қатар, Шымкент қаласындағы Педагогикалық шеберлік орталығы Түркістан қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінде «Жас ұстаз: табысқа апарар жол» тақырыбында ІІІ аймақтық жас педагогтардың форумын өткізді. Бұл іс-шараға 3 жылға дейінгі еңбек өтілі бар «Parasat AJ» мектебінің жас ұстаздары да қатысты. Форум жас мамандарға жаңа білім мен тәжірибе алуға, кәсіби өсуге және шабыт алуға ерекше мүмкіндік берді. Ұстаздар форумнан алған әсерлерімен бөлісіп, Қадыр Қаршыға Жанибекұлы: «Форумда жасанды интеллекттің сабаққа тиімді ықпалын үйрендім», — десе, Кәдірбек Аружан Асанқызы форумның білім берудегі жаңа технологиялар мен жаңа таныстықтарға толы болғанын жеткізді. Ал Жасымбек Бибіжамал Әділбекқызы болса: «Бұл форум мен үшін дамудың баспалдағы іспетті. Жаңа білім алып, ресурстарды тиімді пайдаланудың және инновациялық технологияларды оқу процесіне интеграциялаудың маңыздылығын түсіндім», — дейді. Еркін Ақерке Махмұтқызы жасанды интеллектті пайдалана отырып сабақты креативті өткізу жолдарын меңгергенін айтады. Бұл форум жас мамандар үшін кәсіби дағдыларды дамытып, шабыт беретін маңызды іс-шаралардың бірі болды. Қатысушылар алған білімдері мен тәжірибелерін алдағы уақытта өз жұмыстарында тиімді қолданатынына сенім мол.
Сондай-ақ, «Parasat AJ» жекеменшік орта мектебінде Шымкент қаласы Әдістемелік орталығының ұйымдастыруымен «943-елдің мақсатты мектептерін дамыту» жобасының аясында мектеп басшыларына арналған «LESSON STUDY тәжірибе алмасу алаңы» тақырыбында семинар болып өтті. Семинардың мақсаты – мектептерге LESSON STUDY зерттеу жобасын енгізу жолдарымен бөлісіп, Халықаралық WALS-2024 конференциясының мазмұнымен, зерттеу нәтижесі бойынша ғылыми мақала мен абстракт жазу алгоритмімен таныстыру. Семинар барысында мектеп директоры Бауыржан Боранбайұлы мектептерге LESSON STUDY зерттеу жобасын енгізу жолдарымен таныстырып, «Нидерланды кейсі», «Parasat AJ кейсі» тақырыбында дәріс жүргізіп, білім сапасын арттырудағы маңызды қадамдар мен өзекті мәселелерге тоқталды. Ал директордың инновация жөніндегі орынбасары Асель Оралбаевна «Халықаралық WALS-2024» конференциясының мазмұнымен таныстыра отырып, «Норвегия кейсі» бойынша «Мазасыз шақтағы шимайлар» тақырыбында практикалық жаттығулар орындатып, шығармашылық ойлау дағдыларын дамыту әдісімен бөлісті.
«LESSON STUDY нәтижесі бойынша ғылыми мақала мен абстракт жазу алгоритімімен таныстыру» тақырыбы аясында директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары Балжан Амангелдіқызы да дәріс өткізіп, мектеп басшыларының көкейінде жүрген көптеген сұрақтардың жауабын табуға көмектесті. Семинар соңында сұрақ-жауаптар болып, кері байланыстар берілді.
Идеялар алаңы
Мұғалімнің шынайы өнері – оқушылардың бойындағы шығармашылық пен білімге деген құштарлықты ояту. Мысалы, егер қолымызда тек шам ғана болса, қараңғы бұрыштарды көргенімізбен, жарық сәттерді байқамай қалуымыз мүмкін. Егер тек микроскопқа сүйенсек, әлемнің тек ұсақ бөлшектері маңызды деп ойлаймыз. Ал егер компасқа ғана сенсек, әр бағытты дұрыс деп қабылдай береміз. Дәл осылай, егер оқушылардың ішкі әлеміне үңілмесек, олардың мүмкіндіктерін байқамай, үлкен мүмкіндіктерді жоғалтуымыз мүмкін. Осы мақсатта 4 сынып оқушылары арасында «Parasat AJ» жекеменшік орта мектебінде «Ғылыми жәрмеңке» ұйымдастырылды. Іс-шараның негізгі мақсаты – балалардың ғылымға деген қызығушылығын арттырып, білімге жарқын жол ашу. Бұл жәрмеңке барысында оқушылар өз қолдарымен тәжірибе жасап, ғылымды көрнекі түрде танып, үлкен әсер алды. Әрбір оқушы түрлі номинациялар бойынша марапатталып, мотивация ретінде киноға билет сыйға тартылды.
Одан бөлек, мектептің 10 сынып оқушылары Узахбайқызы Аяна мен Рауанханқызы Альнура қалалық деңгейде ұйымдастырылған Назарбаев Зияткерлік мектептері дербес білім беру ұйымдарының «NIS Talks» жобасы аясында «Әдеттер біздің өмірімізді қалай өзгертеді: кішігірім өзгерістердің сыры» тақырыбында таратуға тұрарлық идеяларымен бөлісті.
Іс-шара Шымкент қаласындағы химия-биология бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің ұйымдастыруымен өткізілді. Конференцияға №24 С.Ерубаев атындағы жалпы орта мектебі, №65 Ы.Алтынсарин атындағы мектеп-гимназиясы, Auzhan KTL т.б мектептерінің озық ойлы оқушылары қатысып, өздерінің құнды пікірлері және тәжірибелерімен таныстырды. Мектеп оқушылары арасындағы әріптестік қарым-қатынасты орнату, көпшілік алдында еркін сөйлеу, алуан түрлі пікірге құрметпен қарау, көшбасшылық қасиеттері мен ғылыми-зерттеу дағдыларын жетілдіруге ықпал ететін NIS Talks жобасы TEDx форматында өтті. Оқушылар 7-10 минут аралығында қарым-қатынасты, өмірді және әлемді өзгерте алатын идеяларымен бөлісіп, барша адамзат баласын қоғам игілігі үшін жұмыс істеуге шақырды. Конференция соңында әрбір спикер Зияткерлік мектеп директорының алғыс хатымен марапатталып, естелікке суретке түсті. Иә, мұғалімдер шәкірттерінің бойындағы дарындылықты байқап, дұрыс бағыт берсе, біздің балаларымыздың арасынан да атақты ғалымдар мен зерттеушілер шығары сөзсіз.
Тілі мен тарихы жоқ халықтың ұлты да жоқ болатыны дау тудырмайтын ақиқат. Шымкент қаласы білім басқармасы Әдістемелік орталықтың жылдық жоспары негізінде ағымдағы жылдың «Parasat AJ» жекеменшік мектебінде «Ұлттық құндылықтардың бастауы – тіл мен тарих» тақырыбында қалалық семинар-практикум ұйымдастырылды. Аталған іс-шараға жалпы орта білім беретін мекемелердің қазақ тілі мен әдебиеті және тарих пәнінің жас мамандары қатысты (168 жас маман). Семинар-практикум білім беру мекемелерінің жас мамандарын қазіргі қоғам сұранысына лайықты кәсіби жаңашылдықпен дамыту мақсатында өтті. Іс-шара барысында «Parasat AJ» жекеменшік мектебінің қазақ тілі пәні мұғалімі Арыстанов Бауыржан Махамбетұлы «Ғаламның пайда болуы» тақырыбында, тарих пәні мұғалімі Турегельди Ақбота Улукбекқызы «1836-1938 жж. Бөкей Ордасындағы қазақтардың көтерілісі» тақырыбында жас мамандармен сабақ өткізді. Қатысушылар «Исатай Тайманұлы мен Махамбет Өтемісұлын қандай ортақ идея біріктірді?» деген сұрақтар аясында пікір алмасты. Сонымен қатар, Әдістемелік орталықтың әдіскерлері тарапынан «Білім беруде сандық технологияларды және платформаларды тиімді пайдалану жолдары», «Кәсіби байқауға кәсіби бағдар беру», «Оқушылардың оқылым мәтінін тіл деңгейінде талдау дағдыларын қалыптастыру», «Тарихи концептілер арқылы оқушылардың тарихи ойлау дағдыларын дамыту» тақырыптарында мәселелі сұрақтар талқыланып, өзара тәжірибе алмасты. Семинарға қатысушы жас мамандар қызығушылық танытып, ұйымдастырылған топтық жұмыс тапсырмаларын орындап, өздерін қызықтырған тақырыпта сұрақтар қойып, белсене қатысты. Нәтижесінде қатысушылар қазіргі қоғам сұранысына лайықты кәсіби жаңашылдықпен танысып, семинар-практикум өз мақсатына жетті деуге әбден болады.
Қазіргі заманғы еңбек нарығында жас мамандардың біліктілігін арттыру және тәжірибе алмасу басты қажеттіліктердің бірі болып табылады. Технологиялар мен жұмыс әдістері үнемі жаңарып отыратын заманда университетте алған білім жеткіліксіз болуы мүмкін. Сол себепті семинарлар мен тренингтер жас мамандар үшін кәсіби даму мен жаңа дағдыларды меңгерудің ең тиімді жолдарының бірі саналады. Семинарлар барысында мамандар өз саласындағы жаңа үрдістермен танысып қана қоймай, тәжірибелі әріптестерімен байланыс орнатуға, олардың тәжірибесінен сабақ алуға мүмкіндік алады. Сонымен қатар, мұндай іс-шаралар идея алмасу, кәсіби пікірталас жүргізу және нақты проблемаларды шешу дағдыларын қалыптастырады. Семинарларда интерактивті оқыту тәсілдері қолданылып, жас мамандар теорияны практикамен ұштастырып, кәсіби әлеуетін арттыра алады. Жиі өткізілетін осындай іс-шаралар жас мамандардың бәсекеге қабілетті болуына, кәсіби желіні кеңейтуіне және нарық талаптарына сай дамуына мүмкіндік береді. Сол себепті семинарларға қатысу – болашақта жетістікке жетудің маңызды қадамы.
Озық технологияларымен көзге түсетін мекеме
Қазіргі әлемде сапалы білім – әр баланың болашағына салынған маңызды инвестиция. Осы тұста ерекше білім беру әдістерімен және озық технологияларымен көзге түсетін мекеме – «Parasat AJ» жекеменшік орта мектебі. Бұл мектеп заманауи білім беру тәсілдерін қолдану арқылы оқушыларды болашақ өмірге дайындауда көш бастап келеді. «Parasat AJ» мектебі оқытуда дәстүрлі әдістер мен жаңа технологиялардың үйлесімін тиімді пайдаланады. Оқу үдерісі интерактивті сабақтарға, тәжірибелік зерттеулерге және шығармашылық жұмыстарға негізделген. Бұл тәсілдер оқушылардың білімді терең түсінуіне және оны өмірде қолдана білуіне ықпал етеді. Мектептің басты ерекшелігі – жеке тұлғаға бағытталған білім беру. Әр баланың қабілеті мен қызығушылығын ескере отырып, олар үшін жеке даму жоспары жасалады. Осылайша, әр оқушы өз әлеуетін барынша аша алады.
«Parasat AJ» мектебі цифрлық дәуірдің барлық артықшылықтарын білім беруде белсенді қолданады. Оқушылар заманауи құрал-жабдықтармен жабдықталған зертханаларда жұмыс істейді. Сонымен қатар, білім беру үдерісіне арнайы әзірленген цифрлық платформалар енгізілген. Олар оқушыларға оқу материалдарына кез келген уақытта қол жеткізуге мүмкіндік береді. Мектепте STEM (Ғылым, Технология, Инженерия, Математика) бағытына ерекше көңіл бөлінеді. Бұл бағдарлама болашақта инженерия, IT, медицина сынды салаларға қадам басқысы келетін оқушылар үшін маңызды негіз қалыптастырады.
Сонымен қатар, мектепте әртүрлі мәдени іс-шаралар мен жобалар ұйымдастырылады. Бұл оқушыларға әртүрлі мәдениеттермен танысуға және өзара құрмет пен толеранттылықты дамытуға мүмкіндік береді. Мектептің тағы бір маңызды артықшылығы – білікті және тәжірибелі ұстаздар ұжымы. Олардың әрқайсысы өз саласының маманы және балалармен жұмыс істеуде ерекше әдістерді қолданады. Ұстаздар үнемі кәсіби дамуға ұмтылып, білім беру саласындағы соңғы трендтерді меңгереді.
«Parasat AJ» жекеменшік орта мектебі – бұл тек білім беру орны ғана емес, сондай-ақ баланың жан-жақты дамуына мүмкіндік беретін ерекше орта. Заманауи әдістер, озық технологиялар және жеке тұлғаны дамытуға бағытталған тәсілдер – мектептің басты құндылықтары. Баланың сапалы білім мен жарқын болашаққа жол ашқанын қалайтын кез келген ата-ана үшін «Parasat AJ» мектебі тамаша таңдау болмақ.
Leave a Reply